Дереккөз: www.24.kz
Әлемдегі ең жылдам өсетін павловния ағашы Түркістан облысында өседі.
Қазір Сарыағаштағы тұқымбақта өңірімізге таңсық ағаштың 40 мың көшеті жайқалып тұр. Бізге таңсық павловния ағашын оңтүстікке әкеліп, жерсіндірген Дәурен Балтабайұлы. Жас жігіт Қытайда білім алған. Сонда оқи жүріп, бізде жоқ дүниелерді іздеп тауып, осында әкелуді ойластырған. Ерекше ағаш туралы естіген бойда зерттеуге кірісіпті. Оңтүстіктің ауа райына бейімділігін білген соң әкесімен ақылдасқан. Нәтижесінде 40 мың түп көшетке тапсырыс беріп, Сарыағашқа әкелген. Қала маңындағы 2 гектар жерге көшеттерді отырғызып, күтіп баптапты. Қазір бір жылдық көшеттерге сұраныс көп.
Батырғазы Таубаев, Сарыағаш ауданы дарбаза ауылдық орта мектебінің директоры:
– Павловния деген ағаштың ерекшелігін естіп, мектепке өсіру үшін алып кетіп жатырмыз. Саясы да жақсы болады екен. Одан кейін гүл шашады.
Дәурен Балтабайұлының айтуынша, Павловния суды өте жақсы көреді. Су ішкен сайын бойы өседі. Әрі жапырағы да үлкен болады.
Ауыл-аймақтан бастап, қаланы көгалдандыру үшін таптырмайтын ағаш. 5-6 апта бойы гүлдеп, айналасына көрік сыйлады.
Дәурен Балтабайұлы, кәсіпкер:
– Тез өседі, көп жерге бейімді. Құрт-құмырсқаға өзі тойтарыс бере алады. Жылына 5 метрге дейін өседі. 5-6 жылда 25 метр болады. Бойы өсіп болғасын жайылады. Аулаға еккенде арасына 10 метр жер қалдыру керек. Себебі жапырағы кеңге жайылады.
Павловнияның тағы бір ерекшелігі, басқа ағаштарға қарағанда оттегіні бірнеше есеге көп бөледі. Әсіресе, таза ауа тапшы қалалы жерде экологияға да пайдасы зор дейді мамандар. Демек, бұл ағаш бір шетінен экологияны жақсартса, екіншіден шаһарға көрік беріп, көлеңкесі көпке сая болмақ.
Павловнияның пайдасын түсінген жергілікті билік қазір өңірдегі аудан, қалалардағы мәдениет, спорт, әкімдік ғимараттары мен көше бойына көптеп егуге көшкен. Ал кәсіпкердің ендігі арманы – әлемдегі ең тез өсетін ағашпен табиғатымызды көркейтіп, елімізді жасыл елге айналдыру. Сондықтан биыл көшет санын 200 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр. Айта кетейік, павловниядан тұрмыстық бұйымдар мен жиһаздар және музыкалық аспаптар жасалады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш