Дереккөз: 24.kz
Алматы облысында Жетісудың брендіне айналған сиверс алмасын сақтап, көбейту жұмыстары қызу жүріп жатыр
Жер бетіндегі бүкіл алмалардың атасына баланған бұл жеміс түрі динозаврлар заманынан бері өсіп келеді. Кейінгі жылдары Қызыл кітапқа енді. Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің тәлімбақтарында тамыр жайған сиверс көшеттері тау баурайына егіледі.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
– Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы 356 мың гектар жерді алып жатыр. Соның 8 мың гектарында Жетісудың мақтанышына айналған сиверс алмасы өседі. Бір өкініштісі, биыл мұнда алма жоқ. Көктемде үсік шалған.
Сиверс алмасы негізінен Іле мен Жоңғар Алатауының баурайында, Тянь-Шань және Тарбағатай тауының жоталарында өседі. Оның осыдан 165 миллион жыл бұрын пайда болғанын 2002 жылы британдық биолог-генетик Бэрри Джунипер анықтап берді. Шетелдік ғалым жер бетіндегі бүкіл алмалардың атасы – қазіргі Қазақстан жері деген қорытынды жасады. Осылайша сиверсті сақтау халықаралық қоры құрылып, Жетісу Алатауында бұл алма түрінің гүлдеуіне арналған фестиваль өткізіле бастады.
Айдана Тұрысбекова, Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкері:
– Себебі біздің сиверс алмасы былай қарап тұрсақ жапондағы сакурадан кем емес. Гүлденуі кереметтей, көздің жауын алады. Басты мақсат осы сиверс алмасына, атқарылып жатқан қорғау жұмыстарына елдің, халықтың назарын аудару. Бізде де осындай байлықтар бар екенін көрсету.
Мейрамбек Қапасов, ақпараттық туристік орталықтың бөлім басшысы:
-Биыл 31 мамырда ҚР Үкіметімен №360 қаулысымен туризмді дамытудың 2019 – 2020 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды. Сол бағдарламада біздің әлемге әйгілі брендіміз болып келе жатқан сиверс алмасы енгізілген.
Жоңғар Алатауының баурайында Сиверс алмасының 40 шақты түрі кездеседі. Ол теңіз деңгейінен 1700 метр биіктікте өседі. Қазір сиверс көшеттері өткен ғасырдың 70-ші жылдары құрылған Лепсі тәлімбағында көбейтіледі. Оның аумағы 25 гектар. «Тұқымды шеттен тасымаймыз», – дейді мамандар.
Рустам Самиғұлов, орманшы:
– Сиверс алмасын өсіреміз. Тұқымдар осы жерден жиналған. Биологиялық препараттарды жұмсамаймыз, қолданбаймыз оларды. Бәрі табиғи, табиғи жолмен өседі.
ТІЛШІ: Сиверс алмасының сонау бор кезеңінің өзінде болғандығы археологиялық қазба жұмыстары арқылы дәлелденді. Ал оның гүлдеуі – өзінше бір керемет құбылыс. Бүкіл Жетісу Алатауы мамыр айында алқызыл гүлге оранады. Ең бастысы – сиверстің гүлдеуіне арналған фестивалды тамашалауға шетелдіктер көптеп келе бастады. Биылдың өзінде Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне 500-ге жуық турист келіп-кеткен.
Ардақ Айбарұлы, Жеңіс Әбдірешев,