Дереккөз:24.kz
Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы құмдауыт жерлерде молырақ болатын құмаршық өсімдігі жайлы естіп пе едіңіз?
Өткен ғасырлардағы жұт, аштық, соғыс кездерінде жергілікті халықты осы өсімдік аман-сақтап қалған. Жергілікті тұрғындар құмаршықтың дәнінен нан пісіріп, талғажау еткен. Кейінгі молшылық заманда бұл үрдіс ұмытыла бастады. Қазір құмаршықтан азық-түлік өндіру технологиясын көнекөз қариялар мен әжелер ғана біледі.
Құмаршық шөлейтті аймақтарда өнетін, дәнінің құрамында өте құнарлы дәрумендері бар өсімдік. Бүгіндері мал жейтін шөпке айналған өсімдіктің қадірін білетін жандар аз қалды. Кезінде құмаршықтың арқасында мыңдаған отбасы аштықтың азабынан құтылған болатын. Кезінде құмаршық дәнегінен ұн, талқан, ботқа пісіріп, күнбағыс майы секілді май да өндірілген.
Раушан Жайықова, Құрманғазы ауылының тұрғыны:
– Менің әкем біздің бала кезімізде үйге құмаршықты алып келетін. 1920-30 жылдары бұл өсімдік қырда тұратын бүкіл қарапайым халықты асырады. Бидай ұны болған жоқ, осы құмаршық құтқарды бізді.
Құмаршықтан пісірілген нан тары талқанынан әзірленген нан секілді өте дәмді болып келеді. Тойымды әрі құнарлы, көпке дейін қарын аштырмайды. Орталықтан өте алыс, шалғай ауылда тұратын Мәрия Ғұмарова да құмаршықтың қадірін жақсы білетін жандардың бірі.
Мәрия Ғұмарова, Қошалақ ауылының тұрғыны:
– Мен балаларыма құмаршық туралы жиі айтып отырамын. Әр істің өз құпиясы бар. Оларға құмаршықтан қалай ұн тарту керектігі, талқан жасау, одан соң қалай нан пісіру керектігін үйретемін.
Жергілікті тұрғындар осылайша ұмыт бола бастаған дәстүрдің жоғалып кетпеуіне күш салуда. Өңірге келетін шетелдік туристер қымыз, саумал, шұбат секілді табиғи таза, таңсық асқа өте құмар. Мұның қатарына құмаршықтан істелетін нан мен тарыны қосқан соң мүлде жаңа мазмұнға ие болды дейді ауыл тұрғындары. Оған қоса Құрманғазы ауылындағы өзен-көлдерде туристерді қызықтыратын аң мен құс, түрлі табиғи өсіміктер жетіп артылады. Бұл ерекшеліктер аймақтағы экологиялық және этнологиялық туризмнің дамуына да ықпал етіп отыр.
Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазы, Жандос Рахметуллин