Дереккөз:24.kz
Атырау қаласындағы ескі вагон жуу депосының аумағында мұнай толы алты көлшік пен май қазандықтары қоршаған ортаны ластап жатыр. 2006 жылы қала тұрғындары мен жергілікті биліктің талабымен мұнай таситын цистерналарды жуатын мекеме қала сыртына көшірілген болатын. Сол кәсіпорыннан қалған қазандықтардан аққан ондаған тонна шикі мұнай енді тұрғындардың өміріне қауіп болып тұр. Аталған мекеменің орнындағы мұнай қалдықтарының нақты көлемін ешкім білмейді, ешбір құзырлы орган өкілдері өлшеп те көрген емес. Әсіресе жаздың күндері еріген мұнай бетінен көтерілетін бу адам ағзасына өте қауіпті. Мұның соңы обыр, өкпе ауруы секілді қатерлі дертке алып барады дейді қала тұрғындары. Өйткені темір жол желісі көп қабатты тұрғын үйлерге өте жақын тұр. Таңат Нұрымов, қалалық азаматтық кеңестің мүшесі: – Адамның денсаулығына зиян келтіріп тұр. Оның ішінде онкологиялық ауруларға әкеледі. Сот шешімімен жабылған темір жол тасымалы мекемесі артына осындай «мұраларын» қалдырып кеткен. Мұнда мұнай ғана емес, қираған ғимараттар, мұнайды қазандыққа құю станциялары мен иесіз қалған темір жол желісінің қалдықтары да бар. Тағы бір жайт, көзге көрінбегенімен, бұл аумақта жерасты мұнай құю қазандықтары да көмілген күйі қалды. Қадыржан Арыстан, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы: – Бұл қазандықтардың Батыс Қазақстан филиалына жататыны анықталды. Сол жерде оларға бұл территорияны қалыпқа келтіру туралы тапсырма берілді. Сонымен қатар құзіретті органдарға шара қолдану жөнінде мәселелер көтерілді. Облыстық экология департаменті, көлік прокуратурасы және өзге де құзырлы органдардың жүргізген тексеруінен кейін Қазақстан темір жолының Атырау филиалына қыркүйек айының 30-на дейін бұл аймақты тазалауға уақыт берілді. Егер бұл шешім орындалмаса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазы Осы категория бойынша: « ШҚО-да 145 отбасы атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алған Поэзия патшайымы Ф.Оңғарсынованың туғанына – 80 жыл »