Бірақ өкілетті орган өкілдері оның қашан пайдалануға берілетінін дөп басып айта алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24». Қамбар Бекенов, тілші: -Қазіргі таңда қала тұрғындары тастаған қоқыс облыс орталығындағы жалғыз алаңда залалсыздандырылады. Дегенмен, оның да қауқары шектеулі. Табиғат қорғаушылардың айтуынша таяу уақытта жаңа полигонның құрылысы басталмаса, экологиялық мәселе туындауы мүмкін. Мына шағын тұрмыстық қатты қалдық жою алаңы Көкшетауға өте жақын орналасқан. Ескі полигон екі жыл бұрын жұмысын тоқтатқандықтан, бар салмақ осыған түседі. Мұнда күнделікті 150 тонна қоқыс төгіледі екен. Анатолий Черняев, кәсіпорын директорының орынбасары: – Тұрмыстық қатты қалдықтарды қабылдау үшін таразы, кеңселік вагондар қойылып, сұрыптау желісі жұмыс істейді. Полигонда техника да жеткілікті. Соның бірі – жүк тиегіштер тәулік бойы тоқтамайды. Жеке кәсіпорын биыл сұрыптау желісін іске қосты. Қондырғы тәулігіне 2 тоннадай қоқысты өңдеуден өткізеді. Дегенмен, Анатолий Черняев қалаға типтік жобадағы кешен керектігін айтады. Жаңа полигон қоқысты көп көлемде қабылдап, тұрғындарды жағымсыз иістен құтқарады. Анатолий Черняев, кәсіпорын директорының орынбасары: – Әрине, біз әзірге қазір түсіп жатқан қоқыс көлемін қабылдап отырмыз. Тұрғындар өте жақын орналасқаны қынжылтады. Біз қолайсыздық тудырып отырғанымызды жақсы түсінеміз. Қоршаған ортаны ластауды барынша азайтуға тырысудамыз. Бірақ әзірге басқа таңдау болмай тұр. Экологтардың айтуынша, полигонның жобалық қуаттылығы келесі жылға дейін ғана есептелген. Сондықтан қалаға жаңа қоқыс алаңы өте қажет. «Мамандандырылған қалдық өңдеу нысаны салынбаса, табиғатқа тигізер залалы ауыр болмақ», – дейді мамандар. Болат Биғараев, облыстық экология департаменті басшысының орынбасары: – Біз бұл мәселені бірнеше мәрте көтердік. Облыс орталығы мен маңайындағы ауылдардың қоқысын тастайтын ірі полигон салынбаса санитарлық қауіпсіздік, экологиялық мәселелер ашық күйінде қалады. Тіпті қала қоқысқа көміліп қалуы да ғажап емес. Қазіргі таңда жаңа полигон салу жобасы мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Бірақ құрылыстың нақты уақыты белгісіз қалып отыр. Авторлары: Қамбар Бекенов, Азамат Казжанов, Евгений Шинкаренко
Дереккөз: 24.kz