Дереккөз: inform.kz
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Экологиялық айлық шеңберінде Көкшетау қаласының аумағын абаттандыру және санитарлық тазалау бойынша экологиялық сенбілік өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сенбілікке жергілікті кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер, коммуналдық кәсіпорындар, ПИК және басқа да бюджетті ұйымдар мен жоғары, орта білім ордаларының студенттері және қала тұрғындары жұмылдырылды.
Сондай-ақ, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев та қолына жұмыс қолғабын киіп, қаланы қоқыстан тазарту жұмыстарына қатысты.
Қала әкімдігінің ақпаратына сәйкес, сенбілікте облыс орталығындағы гүлбақша мен гүлзарларды тазалаумен қатар, құл-қоқыстар мен басқа да тұрмыстық қалдықтардан тазарту, көшеттердің түбі мен көше жиектастарын ақтау сияқты жұмыстар істелді.
Сенбілікте жиналған 232,5 текше метр қоқыс 19 арнайы көлікпен қала сыртындағы қатты-тұрмыстық қалдықтарды төгетін полигонға тасымалданды.