Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Жасыл ел» еңбек жасақтарының Республикалық штабы «ECO Pack» экологиялық науқанын ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ұйымның баснпасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының қолдауымен өткен жобаның аясында 700-ден 1000 жылға дейін ыдырайтын полиэтиленді пакеттер көп мәртелік эко-дорбаларға ауыстырылды.
«Биыл біз «ECO Pack» жобасын алғаш рет ұйымдастырып отырмыз. Бұл экологиялық науқанды ұйымдастырудағы мақсатымыз – жаһандық жылыну, қоршаған ортаның ластануы, қоқыстардың табиғатқа тигізетін зияны сынды экологиялық мәселелерге жұртшылықтың назарын аудару. Эко-дорбалар планетамыздың экологиясын жақсартуға көп үлес қосады. Полиэтиленді пакеттерге қарағанда, табиғи матадан жасалған эко-дорбалар бірнеше айдың ішінде ыдырап, топырақты органикамен байытады. Осы сынды экологиялық науқандар тек қана Елордамызда емес, Қазақстанның барлық өңірлерінде жүзеге асып келеді», – деді «Жасыл ел» еңбек жасақтары Республикалық штабының жетекшісі Азамат Данияр.
Айта кетсек, ECO Pack – бұл экологияның көкейкесті мәселелері мен қоршаған ортаны қорғау мәселесіне қоғамның назарын аудартуға бағытталған экологиялық науқан. Бұл науқанның мақсаты – экологиялық мәдениет қалыптастыру, қоршаған ортаға құндылық ретіндегі қарым-қатынас орнату мен табиғат ресурстарын тиімді қолдануға назар аудару.