Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мамандары жабайы аңдарды тіркеу барысында Үлкен Бұғұтты тауының маңындағы фототұзаққа Түркістан сілеусіні түсіп қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Видеоны ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook парақшасында жариялады.
«Мысық тұқымдастардың бұл түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Қазақстан фаунасында кездесетін сілеусіннің үш түрінің біріне жатады. ХІХ ғасырдың соңында Жетісу өлкесінде сілеусіндер көп болған. Ол кездері жылына 200 сілеусін ауланатын. Өткен ғасырдың 40-50 жылдары жылына 20-30 сілеусін терісі дайындалып келген. 1976 жылы оны аулауға тыйым салынды», – дейді Сәкен Ділдахмет
Түркістан сілеусіні қары қалың жерде тіршілік етеді. Азық іздеп, біршама жерге ауып кетуі мүмкін. Түнде белсенді. Кейде жалғыз да жүре береді.
«Бір дегенде екі-үштен туады. Негізгі азығы – қоян, суыр, елік, қабан, тауешкі. Үй жануарларын да аулай береді», – деп жазады ол.