Дереккөз: 24.kz
Израиль қалдықтарды кәдеге жаратудың тың тәсілдерін ойлап тауып, жаңа технология енгізуде . Енді мұнда кәріз қалдықтарын қайта өңдеу нәтижесінде қағаз алатын болған.
Бұл өнеркәсіптік қондырғы үлкен ауылдың тазалау құрылымының бірінде орналасқан. Ол бизнес үшін де, жергілікті билік үшін де тиімді болып отыр. Өйткені ауыл басшылығы кәріз қалдықтарын өңдеу үшін алаңдамайды. Ал технологияны ойлап тапқан компания өкілдері шикізат көзіне қатысты бас қатырмайды.
Рафаэль, Ахарон жобаның бас инженері:
– Технология былай жұмыс істейді: біз кәріз қалдықтарынан қатты заттарды бөліп аламыз. Олардан шикізат дайындаймыз. Ол қағаз не энергия өндірісі үшін жаратуға жарамды. Шикізат үшін көп ақша шығындамағандықтан, жоба өзінің тиімділігін көрсетіп отыр.
a түйіршіктерден кейін қағаз жасалады. Материалдың бір бөлігі энергия өндіру үшін қолданылады. Сөйтіп электр энергиясы шығындалмайды десе де болады. Жылу да кетпейді. Өйткені жағу кезінде бұл түйіршіктер жылудың үлкен мөлшерін бөледі екен.
Рафаэль Ахарон, жобаның бас инженері:
– Бәрі қайта өңдеу дәрежесіне байланысты. Егер бұл көрсеткіш 50 процент шамасында болса, онда сіз қатты қағазды аласыз. 70 процент кезінде – қатырма қағаз, ал 100 процент кезінде – графикалық қағаз жасап шығарылады.
Израильде қоқысты қайта өңдеу ұлттық жобаға айналған. Өйткені шағын мемлекет үшін қалдықтарды сақтау маңызды мәселенің бірі. Мәселен, Тель-Авивтегі басты өңдеуші кәсіпорында қоқысты судың көмегімен бөлу технологиясы кеңінен қолданылуда. Сонда қағаз не пластик секілді жеңіл заттар су бетіне қалқып шығады. Органикалық заттар ортасында қалады да, металл суға батып кетеді. Жалпы, елде қалдықтарды қайта өңдеумен үкімет емес, кәсіпкерлер айналысады. Сонда бизнесмендер ақша табады. Ал билік стандарттардың сақталуын қадағалап, инновацияларға салықтық жеңілдіктер жасайды. Израильдік жүйенің ең басты артықшылығы осы дейді сарапшылар.