Дереккөз: inform.kz
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бүгін Алматы зообағының байырғы тұрғыны, танымал Алькор есімді ақ аю 30 жасқа толды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алькор немесе Коля есімді ақ аю бүгін 30 жасқа толды. Адам өмірімен өлшейтін болсақ, 100-ге келді. Зерттеулерге сәйкес, табиғат аясында ақ аюлар 20 жасқа дейін, ұрғашылары 25-30 жасқа дейін өмір сүреді.
Алькор 1989 жылы Калининград зообағында туған. 1990 жылдан бері Алматы зообағында өмір сүріп келеді.
«Бұған дейін Алькордың ұрғашы «құрбысы» Кристина бар болатын. Бұл жануар да ұзақ өмір сүрді. Екеуінен Умка есімді қонжық бар. Қазір Умка чех зообағында тұрып жатыр»,- дейді Алматы зообағының өкілі Михаил Сорокоумов.
Хайуанаттар бағының бас ветеринар міндетін атқарушы Алина Чимирук ақ аюдың азығы туралы айтты.
«Алькордың жасын ескеріп оған арнайы ас мәзірін дайындаймыз. Көбіне түрлі ботқалар, балық, балық майын береміз. Ол етті өте жақсы көреді. Сонымен қатар, көкөніс пен жеміс-жидек жейді. Үнемі ветеринар дәрігердің бақылауында»,-деді ол.
Алькор туралы ҚазАқпарат бұған дейін де жазған.