Дереккөз: inform.kz
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте тазалықты дәріптейтін дәстүрлі «Таза қала» акциясының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қала әкімі Ерлан Айтаханов мерекелік шарада қаланың тазалығын сақтауға үлес қосқан тұрғындарға алғысын айта отырып, шаһар тұрғындарын ТМД елдерінің мәдени астанасы атануымен және алдағы келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
Акция аясында «Үздік көше», «Үздік аула» номинациялары бойынша Абай, әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарының тұрғындары жүлделі орындарды иеленіп, ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Ал Еңбекші ауданы – жылдың үздік ауданы атанды. Сонымен қатар, қала тазалығына белсене атсалысқан құқық қорғау органдарының өкілдері бағалы сыйлықтарға ие болды.
Айта кетейік, үш айға созылған акцияны Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасының тапсырысы бойынша қалалық «Азаматтық альянс» қауымдастығы ұйымдастырған.