Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауасы ластанған қалалар қатарындағы Өскеменнің экологиялық мәселелерінің шешімі бар ма? Бұл сұраққа ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елімізде бірнеше проблемалық қала мен облыс бар. Сондықтан, әр облыс пен әр қалаға қатысты мәселені шешу жолын іздедік. Экологиялық мәселесі бар өңірлердің бірі – Өскемен қаласы. Жалпы, Шығыс Қазақстанның экологиялық ахуалын білеміз. Шығыс Қазақстандағы ең ірі кәсіпорындардың бірі – «Казцинк» компаниясы. Ол Риддер мен Өскемен қаласында жұмыс істейтін ірі мекеме. Біз сол мекеменің басшысын шақырып алып, мына мәселені қалай шешуге болады деп ақылдастық. Бір жағынан жаңа Экологиялық кодекс күшіне енгеннен кейін 2025 жылға дейін ең озық қолжетімді технологиялар ұғымы пайда болады. Дегенмен, Өскемен қаласының проблемасын 2025 жылды күтпей, шешу керек деп ойлаймыз», – деді Мағзұм Мырзағалиев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Министр «Казцинк» металлургиялық компаниясының басшысымен кездесіп, нақты келісімге қол жеткізілгенін айтады.
«Сол келісімге сәйкес, «Казцинк» компаниясы қателеспесем, 300 млн доллар қаражат салғалы отыр. Олар осы сома арқылы фильтрді емес, технологияны өзгерткісі келеді. Ең озық қолжетімді технологияларды 2025 жылды күтпей, келесі жылдан бастап енгізбек. Біздің есебіміз бойынша бұл технология 3-4 жылдың ішінде ауаға таралатын шығарындыларды 20-30 пайызға азайтады. Бұл – өте жақсы нәтиже, меніңше», – деді ол.
Мағзұм Мырзағалиев «Казцинк» басшылығынан неліктен 2025 жылды күтпей, озық технологияларды тезірек енгізуге асығып отырғанын сұраған.
«Біздің алған жауабымыз мынадай болды: «Казцинктің» қазіргі қожайыны – еуропалық компания. Еуропада нарық пен экологиялық талаптар жоғары. Егер біздің компаниялар еуропалық деңгейге шықпаса, онда «Казцинк» компаниясы өндіретін өнімдерді еуропалықтардың сатып алуы екіталай. Сондықтан, кәсіпорын аталмыш мәселеге қазірден бастап назар аударып отыр», – деді ол.
Министр Өскемен қаласында ауаны ластайтын негізгі үш ірі кәсіпорын барын, «Казцинк» компаниясымен бірге тағы екі кәсіпорын тиісті талаптар бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді.