Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев заңсыз үйілген қалдықтар проблемасын көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарының жай-күйі және стихиялық үйінділер санының өсуі де өзекті экологиялық проблема болып саналады. Ғарыш мониторингі 2018 жылы рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің саны 8 600 болғанын көрсетсе, 2019 жылы олардың саны 9 200-ге жетті», – деді министр Мәжілісте жаңа Экологиялық кодекс жобасын таныстыра отырып.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта қалдықтарды жинаумен, тасымалдаумен, қайта өңдеумен және кәдеге жаратумен айналысатын кәсіпорындар туралы толық мәліметтер жоқ. Қалдықтармен жұмыс істеу кезінде (рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлер, алдын ала залалсыздандырусыз қауіпті қалдықтарды заңсыз көму) ереже бұзу фактілері кездесуде.
Мысалы, өткен жылдары Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында тиісті түрде өңделмеген құрамында мұнай бар және медициналық қалдықтар табылды.
«Қолданыстағы заңнамамен қалдықтармен жұмыс істейтін кәсіпорындардың қызметі регламенттелмеген. Осыған байланысты жаңа Экологиялық кодексте қауіпті қалдықтар жөніндегі қызметті лицензиялау мен қалдықтарды жинау және тасымалдау бойынша хабарлама тәртібі көзделген. Бұл қалдықтарды жинаумен, тасымалдаумен, қайта өңдеумен және кәдеге жаратумен айналысатын мамандандырылған кәсіпорындардың тізілімін жүргізуге мүмкіндік береді»,- деп атап өтті ведомство басшысы.