Қазақстанда 28 су қоймасы салынады

Дереккөз – www.inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда 28 жаңа су қоймасы салынбақшы. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мирзағалиев мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Мемлекет басшысы өткен жылдың қыркүйек айында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында суармалы жерлердің көлемін 3 миллион гектарға жеткізуді тапсырды. Осыған байланысты жаңа су қоймаларын салу арқылы қосымша суару көздерін құру қажет. Жалпы 2030 жылға дейін Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында 28 су қоймасын салу жоспарлануда », – деді Мағзұм Мирзағалиев.

Оның айтуынша, бұл су қоймалары жалпы көлемін 3,8 км3 су жинауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, 12 су қоймасын суару үшін де, 70 елді мекеннің су басу қаупін жою үшін де пайдалану жоспарлануда.

«Су қоймаларын салу арқылы 29 мың жұмыс орны ашылады», – деді Мағзұм Мырзағалиев.