Қазақстанда қарақұйрықты сақтау жобасы іске қосылды

Дереккөз – www.inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Соңғы жылдары Қазақстандағы қарақұйрықтың саны 90%-ға азайған. «SOS қарақұйрық» жаңа жобасы елдің оңтүстігінде сүтқоректілердің осы түрін сақтау шарасын күшейтуге көмектеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның биологиялық саналуандықты қорғау қауымдастығы сайтына сілтеме жасап.

«SOS қарақұйрық» жобасы IUCN save our Species бағдарламасы бойынша Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) қолдауымен Қазақстанның биологиялық саналуандықты қорғау қауымдастығы арқылы іске асырылуда. Мақсаты – жойылып бара жатқан сүтқоректілер мен олардың мекендейтін ортасын ұзақ мерзімге сақталуын қамтамасыз ету.

Жоба аясында даладағы зерттеулер, қарақұйрықтарға GPS бау байлау және сол арқылы оларды бақылау, жергілікті халықпен жұмыс, сондай-ақ қарақұйрықтарды сақтау үшін қосымша шаралар әзірлеу қарастырылған.

«Қазақстанда алғаш рет есепке алудың әртүрлі әдістерін қолдана отырып, қарақұйрықтардың санын кешенді анықтау жүргізіледі. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Түрікменстан шекарасындағы қоршаулар жануарлардың көші-қонына қалай әсер ететінін анықтау жоспарланып отыр. Кешенді жұмыс 2021 жылдың күзіне дейін жалғасады», делінген қауымдастық сайтында.

Қарақұйрық (Gazella subgutturosa) – айыр тұяқты сүтқоректі аң, Қазақстаның оңтүстік аймақтарында таралған. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Халықаралық «Қызыл» тізімде жойылып бара жатуына байланысты «Қатерлі» (VU) деңгей белгіленген. 2015 жылғы мәліметтерге сәйкес, олардың саны елімізде бір кездері 200 мыңға дейін жеткен. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 13-15 мыңға дейін кеміген.

«SOS қарақұйрық» жобасы Жабайы жануарлардың қоныс аударатын түрлерін сақтау туралы конвенцияның (Бонн конвенциясы) IUCN Save our Species бағдарламасының 2019 жылы қабылдануы арқылы іске асырылды. Бағдарлама Орталықазиялық сүтқоректілердің бастамасына (CAMI) қолдау білдіретін Орталық Азия аймағы үшін жасалған.

Жоба IUCN Save Our Species бағдарламасы арқылы қаржыландырылады.

Еске сала кетсек, табиғат қорғау инспекторларының Шарын ұлттық паркінде ерекше альбинос қарақұйрықты тапты.