Дереккөз – www.gov.kz
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев “Алтын Емел” мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде алғаш рет көзге түскен қар барысының фото, видеоларымен бөлісті.
«Жақсы жаңалықпен бөліскім келіп отыр: “Алтын Емел” мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде алғаш рет қар барысы байқалды. Жануар фототұзақ объективіне ілінген”, – деп жазды министр Twitter парақшасында.
Орта Азияда сирек кездесетін сүтқоректі көктемде “Сайрам Өгем” ұлттық паркінде де көрініп еді.
Министрдің сөзінше, жойылып кету алдында тұрған сұлу жануардың саны әлемде бар болғаны 4 мыңдай ғана. Қазақстан аумағында 120-130 бас қар барысы бар. БҰҰДБ Қазақстанның ерекше қорғалатын 13 аймағына 294 фототұзақ орнатқан.
“Барыстың көзге түсуі – ерекше құбылыс. Біз сирек кездесетін жануарларды барынша қорғауымыз керек. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бұл үшін бірқатар шараларды қабылдап, жүзеге асырмақ”, – деп жазды Мағзұм Мырзағалиев.