Дерек көз – gov.kz
ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев Корея Республикасының Қазақстандағы Елшісі Ку Хонг Сок мырзамен кездесті.
Кездесу барысында су және орман шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың, сондай-ақ Қазақстанның Дүниежүзілік жасыл өсу институтына (GGGI) кірудің өзекті мәселелері талқыланды.
Тараптар Оңтүстік Кореяның су менеджменті саласындағы табысты тәжірибесін ескере отырып, сумен жабдықтауды цифрландыру саласында кореялық «K-Water» компаниясымен өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қою туралы келісімге келді. Бұл Меморандум Нұра топтық су құбыры нысандарын ауыз сумен қамтамасыз ету процестеріне цифрландыру және автоматтандыру технологияларын орнату бойынша жобаны іске асырудың негізін қалайды.
Сондай-ақ, министр корей тарапына биоалуантүрлілікті сақтау қорымен және Корея Республикасының Орман қызметімен ынтымақтастық аясында «Қызылорда облысындағы Арал теңізінің құрғаған табанын Фито-орманды қалпына келтіру» жобасын іске асырғаны үшін ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар, министр Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік жасыл өсу институтына (GGGI) кіруінің маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде Корея Республикасының Қазақстандағы Елшісі Ку Хонг Сок қазақстандық тарапты 2021 жылдың мамырында онлайн форматта өткізу жоспарланған «2030 жылға дейінгі жасыл даму және жаһандық мақсаттар үшін әріптестік» атты екінші Саммиттіне қатысуға шақырды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында Министр Қазақстан Республикасының аумағында 2 млрд. ағаш отырғызу мәселелері бойынша қосымша кездесу өткізуді ұсынды.
Кездесу қорытындысы бойынша министр М.Мырзағалиев пен Корея Республикасының Қазақстандағы Елшісі Ку Хонг Сок экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізу, консультативтік қызметтер мен техникалық қолдау көрсету тәжірибесімен алмасу бойынша ынтымақтастықты жандандыруға келісті.