Дерек көз – gov.kz
Қарағанды облысында балық және ауыл шаруашылығы жануарларына арналған азықтарды өндіру және қайта өңдеу бойынша құрама жем зауытын салу бойынша инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Бүгін ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев “VIRGIN SOIL KZ” ЖШС-нің құрылтайшысы Андрей Найманмен кездесу өткізді.
Зауыттың қуаттылығы күніне 1000 тоннаны құрайды. Инвестициялардың жалпы сомасы – 30 млрд.теңге. Бұл жобаны “Сарыарқа” АЭА аумағында іске асыру жоспарланып отыр, құрылыс және пайдалану кезеңінде 500 жаңа жұмыс орны құрылады. Жобаны іске асырудың жоспарланған мерзімі: 2021-2022 жылдар.
Министрдің айтуынша, құрама жемнің сапасы мен тиімділігіне назар аудару қажет.
“Балықтың өзіндік құны құрылымында жемге жұмсалатын шығындар жалпы шығыстардың 70% – ын құрайды. Сондықтан құрама жемдердің сапасы мен тиімділігі балықты өндірістік өсіру рентабельділігінің шешуші факторлары болып табылады. Осыған байланысты жоғары сапалы жемнің (көректенетін азығының) отандық өндірісін жолға қою қажет, бұл өз кезегінде импортқа тәуелділікті азайтуға, бизнеске қаржылық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді”, – деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.
Андрей Найман кездесу барысында жобаның жүзеге асырылу барысымен бөлісті.
“Біз “Сарыарқа” АЭА басқарушы компаниясымен меморандумға қол қойдық, 25 гектар жер телімі анықталды. Жалпы, өндіріс гидропониялық агрономия саласындағы израильдік және халықаралық ғалымдардың тәжірибесіне негізделетін болады. Өндірілетін жем 100%” жасыл” жем болады”, – деп атап өтті инвестор.
Естеріңізге сала кетейік, министрлік балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын әзірледі, оның негізгі бағыттарының бірі жем-шөп өндірісін жолға қою болып табылады.