Дерек көз – gov.kz
Халықаралық конгресс отырысы Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында өткізілді. ECOJER қауымдастығы Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен аталған іс-шараның ұйымдастырушысы болды. Конгрестің серіктесі – Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ Өкілдігі.
Қазақстан Республикасы Президентінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыхан қатысушыларға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан үндеу жасады.
«Тұрақты даму тұжырымдамасы «экология-экономика-қоғам» үштігінің үйлесімді өзара әрекетін көздейді, сондықтан Қазақстан экологиялық мәселелерді шешуді кейінге қалдыра алмайды. Мен қоғам, бизнес және үкіметтің экологиялық мәселелерді шешуге және халықтың экологиялық мәдениетін көтеруге бағытталған күш-жігерін біріктіретін жаңа диалог алаңының құрылуын құптаймын. Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында конгресс отырыстарын өткізу жақсы дәстүрге айналады деп сенемін », – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.
Тақырыпты жаңарта отырып, «ECOJER» қауымдастығы Кеңесінің төрайымы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ләззат Рамазанова Қазақстанның бүкіл әлем сияқты климат өзгеруі салдарының алдында осал екенін атап өтті.
«Әлемдік ауа температурасының одан әрі көтерілуі табиғи ортадағы қайтымсыз процестерге әкелуі мүмкін. Сондықтан Үкімет экономиканы декарбонизациялау және саланы «жасылдандыру» бойынша жүйелі шараларды бастауда. Бұл үдерістің сәтті болуы саяси ерік пен мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы тұрақты диалогты талап етеді. Біз осы жолда жұмыс істеуіміз қажет», – деді Лаззат Рамазанова.
Еуропалық Одақтың ауылшаруашылығы жөніндегі комиссары Януш Войцеховский климат мәселелерін агроөнеркәсіптік кешендегі реформалардан бөліп қарауға болмайды деп санайды. Оның айтуынша, тұрақты ауыл шаруашылығы шағын және орта шаруа қожалықтарына қосымша құнын арттыруға нақты мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен бірге климаттық міндеттемелерді орындауға айтарлықтай үлес қосады.
«Біз қоршаған ортаға, климатқа және үй шаруашылығына қамқорлықпен қарай отырып, ауылшаруашылық өнімдерін тиімді өндіре аламыз. Бұл мақсаттарға қол жеткізуде ешқандай қарама-қайшылық жоқ және оларды бірге қарастырған жөн», – деді Януш Войцеховский.
Қазақстанды климаттың өзгеруіне бейімдеу шараларын әзірлеу мәселесі ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің күн тәртібінде тұр.
«Халықаралық ынтымақтастықты нығайту және жағымсыз салдарды азайту үшін ұлттық заңнамаға климаттың өзгеруіне бейімделу нормалары енгізілді. Бұл жергілікті деңгейде төзімділікті арттырудың тиімді жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Іске асыру үдерісі ең осал секторларды толық бағалаудан басталады: су, ауыл шаруашылығы, орман және азаматтық қорғау. Нәтижесінде салалық мемлекеттік бағдарламалардың аясында ұлттық және жергілікті деңгейлерде климаттық тәуекелдерді ескеру және климаттың өзгеруіне бейімделу үшін қажетті шараларды әзірлеу мүмкін болады », – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.
Еуропалық Одақтың қоршаған орта, мұхит және балық шаруашылығы жөніндегі комиссары Виргиниюс Cинкявичюс, өз кезегінде, Қазақстан мен ЕО климат пен экологияға қатысты ең маңызды мәселелер бойынша, сондай-ақ жаһандық «жасыл көшуді» қамтамасыз ету жолында тұрақты ынтымақтастыққа дайын екендігін мәлімдеді.
«Климат дағдарысы, биоалуантүрлілік және ластану дағдарысы – жедел шараларды қажет ететін жаһандық мәселе. Жаһандық жасыл көшуді қамтамасыз ету үшін біз тығыз ынтымақтастықта жұмыс жасауымыз керек. Бүгінгі конференция ЕО пен Қазақстан арасындағы климат және қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге септігін тигізетіндігіне сенемін», – деді Синкявичюс.
ECOJER конгресі аясында жеті панельдік сессия өткізілді. Аталған сессиялар жұмысы барысында қатысушылар Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы климаттық ынтымақтастықты, өндірісті «жасылдандырудың» болмысы мен келешегін, сондай-ақ айналмалы экономика және «ақылды қалалар» мәселелерін талқылады. Сонымен бірге, әйелдердің қоршаған ортаға қатысу сұрақтары көтеріліп, жаңа Экологиялық кодекс ұсынылды. «Қалдықтарды жағу және қайта өңдеу» тақырыбындағы талқылауда Экология министрлігінің өкілдері мен табиғатты қорғау белсенділері Қазақстанда қалдықтарды өртеу зауыттарын салудың оң және теріс жақтарын қарастырды.
Конгресс қорытындысы бойынша Париж келісімі аясында Қазақстанның міндеттемелеріне қол жеткізуі жөніндегі ұсыныстары мен ұсынымдары көрсетілген резолюция қабылданды.
Қосымша ақпарат алу үшін «ECOJER» қауымдастығының Қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы Дмитрий Мачельге (электрондық пошта: d.machel@ecojer.kz)
немесе Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің Коммуникация бойынша басқарушысы Абаканова Эльнура ханымға (электрондық пошта: elnura.abakanova@eeas.europa.eu) хабарласуыңызды сұраймыз. @EUinKazakhstan