2021 жылғы 13 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында «Париж келісімі және Қазақстанның көміртегі бейтараптылығы мақсаттарына қол жеткізу жолдары» тақырыбында халықаралық конференция өтті.
Шараға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, БҰҰ жоғары лауазымды тұлғалары, халықаралық сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы Париж келісіміне сәйкес, Қазақстанның барынша батыл әрі мақсатты іс-қимыл жасауға ниетті екенін атап өтті.
Сондай-ақ халықаралық конференцияда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының көмекшісі Мирьяна Сполярич Эггер және АҚШ Президентінің климат жөніндегі арнайы өкілі Джон Керри сөз алды.
Конференция барысында министр Серікқали Брекешев 2060 жылға дейін ҚР көміртегі бейтараптығына қол жеткізу Доктринасы жобасын таныстырды. Министрдің айтуынша, доктрина TIMES, CGE және System Dynamics сияқты ең жақсы озық модельдер арқылы нақты экономиканы модельдеу негізінде жасалған. Бұл ең аз инвестициялық шығындар және ең үлкен экономикалық тиімділікке қол жеткізу тұрғысынан Қазақстан экономикасын декарбонизациялаудың неғұрлым оңтайлы жолын айқындауға мүмкіндік береді.
«2060 жылға қарай Қазақстан бүкіл экономика ауқымында нөлдік шығарындарылардың таза теңгеріміне қол жеткізеді. Олардың көп бөлігін болдырмауға болады, ал қалған еріксіз шығындар тікелей көздерде пайдаланылады, сақталады немесе өсімдіктер мен топыраққа сіңіп кетеді»,- деді Серікқали Брекешев.
Сондай-ақ, министр ірі бизнес өкілдеріне белсенді іс-қимылдарға көшу және бәсекеге қабілеттілікті сақтау үшін декарбонизация жоспарларын әзірлеуді бастау қажеттігін айтты. Өз кезегінде, «жасыл» қаржыландыруды дамыту және «жасыл» технологияларды, жобалар мен инновацияларды пайдалануда мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту мақсатқа қол жеткізуге жәрдемдесетін болады.
Сонымен бірге көрсеткіштер мен көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі мақсаттарды қамтамасыз ету тұтастай алғанда ұлттық шығындарға әсер ететін салалық саясатты реформалауды талап етеді. Есептеулер көрсеткендей бұл үшін 40 жыл ішінде төмен көміртекті технологияларға шамамен 650 млрд. АҚШ долл жұмсалуы тиіс.
Доктрина халықаралық инвесторларды қоса алғанда, мемлекеттік және жеке сектор үшін экономика дамуының ұзақ мерзімді бағдарына айналады. Айта кету керек, экономиканың әлеуметтік әділ трансформациясы және жаңа жұмыс орындарын құру Доктринаның ажырамас бөлігі.
Сонымен қатар, пікірталас барысында конференцияға қатысушылар жаһандық климаттың күн тәртібіндегі мәселелерді, қаржылық тетіктер мен технологиялық өзгерістерді, 2060 жылға дейінгі көміртекті бейтараптық тұжырымдамасын іске асыру кезеңдеріндегі мемлекеттік қолдау жайын талқылады.
Дерек көз – gov.kz