Қазіргі кездегі су шаруашылығы жағдайы және су саласын дамыту перспективалары

Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/documents/details/243132?directionId=14790&lang=kk

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі С.Қожаниязов қазіргі су шаруашылығы жағдайы, су саласының дамуы және алдағы вегетациялық кезеңге дайындық туралы айтып берді.

Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан қауіпті егіншілік аймағында орналасқан және құрғақ климаттың әсеріне ұшыраған. Еліміздің су әлеуеті көбіне көршілес елдерден келетін суға тәуелді.

Өткен жыл су саласы үшін оңай болған жоқ. Жалпы, дер кезінде қабылданған шаралар мен су мамандарының ұтымды жұмысының арқасында 2021 жылғы вегетациялық кезең көп шығынсыз аяқталды.

Сонымен қатар, министрлік 2021 жылғы қарашадан бастап алдағы вегетациялық кезеңге дайындық жұмыстарын бастады. ЭГТРМ-нің 2021-2022 жылдардағы вегетациялық және вегетацияаралық кезеңдерге арналған жұмыс жоспары әзірленді және бекітілді.

С.Қожаниязов: «Қазіргі су шаруашылығы жағдайын ескерер болсақ, алдағы вегетациялық кезең оңтүстік өңірде ауыр өтеді деп күтілуде. Ең қиын жағдай Арал-Сырдария бассейнінде күтілуде».

Экология министрлігі Қырғызстанмен, Тәжікстанмен және Өзбекстанмен «Тоқтоғұл» және «Бахри Точик» су қоймаларынан қосымша су ағызуды қамтамасыз ету, сондай-ақ Шу және Талас өзендері бойындағы су ағындарының жоспарлы көлемін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жалғастыратын болады.

Сонымен бірге, трансшекаралық өзендер бассейндеріндегі мемлекетаралық пайдаланудағы арналарда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі, ал суландыру желісінің магистральдық және шаруашылықаралық арналарында тазарту жұмыстары жүргізіледі.

Сондай-ақ жоспарда мақта, күріш, пияз сияқты ылғалды көп қажет ететін дақылдарды қысқарту, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы дақылдар егуге арналмаған жерлерде күріш егуге жол бермеу, сондай-ақ АШМ мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы Меморандумға сәйкес күріш алқаптарының алаңдарын азайту жөніндегі шаралар көзделген.

Оңтүстік өңірлердің әкімдіктерінен су аз болған жағдайда вегетация жүргізу үшін шаралар қабылдау бойынша ұсыныстар сұралды.

Спикер өзен бассейндері бойынша су жинау көлемін айтты. Қазіргі уақытта су қоймалары жоспарлы кестелерге сәйкес жұмыс істейді.

Жалпы, су тасқыны қаупі бар бассейндерде қар жинау процесі наурызға дейін жалғасады және көктемгі кезеңге арналған негізгі гидрологиялық болжам 2022 жылғы 1 наурызда ұсынылады.

Су тораптары арқылы тасқын суларды апатсыз өткіщуді пайдалану ережелеріне және негізгі гидрологиялық болжамға сәйкес және ТЖМ жергілікті атқарушы органдарымен және қызметтерімен үйлестіре отырып қамтамасыз етілетін болады.

Вице-министр сондай-ақ су саласын дамыту перспективалары туралы айтты.

Мемлекетаралық өзара қарым-қатынастардың аса маңызды мәселелері бойынша шешімдер әзірлеу үшін келіссөздер процестеріндегі Қазақстанның ұстанымын күшейту үшін ҚР Премьер-Министрінің басшылығымен су кеңесін құру жоспарлануда. Бұл кеңестің негізгі міндеті сыртқы су саясатын әзірлеу барысында Үкіметтің барлық құрамының іс-қимылын үйлестіру болады.

Су ресурстары комитеті мен оның бассейндік инспекцияларын күшейту көзделіп отыр.

Қазіргі уақытта жаңа Су кодексі әзірленуде, су саласы үшін кадрлар даярлау және «Қазсушар» жүйесіндегі құрылымдық өзгерістер мәселелері шешілуде.