Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/documents/details/243132?directionId=14790&lang=kk
25 қаңтар – ресейлік студенттер күні. Осы мерекеге орай өткен жиында Брянск мемлекеттік аграрлық университетінің ректоры, профессор Белоус Николай Максимович қазақстандық студенттерге ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің Алғыс хатын табыс етті.
С. Брекешев 2021 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай құрамына Брянск мемлекеттік аграрлық университетінің студенттері енген «Экоеріктілердің халықаралық жастар лигасының» 20-дан астам экоеріктілерін Алғыс хаттармен марапаттаған болатын. Жастар лигасы жұмысының негізгі бағыты «Таза планета – ортақ болашақ» қағидасына негізделеді.
Пандемияға байланысты өткен оқу жылында студенттер онлайн оқуға мәжбүр болды. Осындай алмағайып шақта бос уақытын текке өткізбеуді жөн көрген студент жастар елдің қоғамдық өміріне белсене араласты. Олар далаға көшет отырғызып, сенбіліктерге шықты. Нәтижесінде, экобелсенділердің бұл акциясы елорданы көгалдандыру ісінде «Жылдың экологиялық бастамасына» айналды.
Іс-шараларға белсенді қатысқаны үшін экоеріктілер «Байтақ-Болашақ «Эко-альянсы» қоғамдық бірлестігінің Құрметті президенті Олжас Сүлейменовтің (белгілі қазақстандық қоғам қайраткері, ақын, жазушы, дипломат және әдебиеттанушы, сондай-ақ «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының негізін қалаушы) Алғыс хатымен де марапатталды.
Сонымен қатар, 2021 жылдың жұмыс қорытындысы бойынша Лиганың экоеріктілері «BеGreen Kazakhstan» еріктілер жобасына қатысқаны үшін Unicef сертификаттарына ие болды.
Анықтама үшін: 2019 жылдан бастап жыл сайын қазақстандық жастар Брянск мемлекеттік аграрлық университетіне бюджеттік оқыту формасына (тегін) жіберіледі, бұл ретте университетке түсуге ҰБТ нәтижелері әсер етпейді. Бұл көп балалы және әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан көптеген қазақстандықтарға еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды алуға мүмкіндік береді.
Бүгінде университетте елуге жуық қазақстандық студент білім алуда. Брянск мемлекеттік аграрлық университетінің түлектері негізінен аграрлар мен экологтар.