Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/documents/details/243132?directionId=14790&lang=kk
Бүгін Жетісудың лағыл маржаны «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне 15 жыл толды.
Талайдың жанарын жаулаған, Көлсай паркінің тұмса табиғаты фауна мен флораға өте бай. Мәселен парк ауамағында 71 тұқымдас пен 288 туыстан тұратын өсімдіктің 536 түрі белгіленген. Күнгей Алатаудың Қазақстан шекарасында өсетін өсімдік түрлерінің 75%-ға жуығы шоғырланған. Қызыл кітапқа енген өсімдіктердің 16 түрі өседі.
Көлсайдың қойнауында бүкіл жер шарына тараған космополиттер – австралиялық қамыс, пузырник ломкий, палеарктикалық қазтамақ сынды өсімдіктер бар. Сонымен қатар, тек Орта Азия аумағында, бірнеше немесе бір ғана тау жүйесінде кездесетін өсімдіктер, яғни, әртүрлі сатыдағы эндемиктер өседі. Тіпті адамзат баласының қолы тимеген табиғаттың құрамдас бөліктері де сақталған. Сондай-ақ көне мәдени мұраның орындары да бар.
Ал, жануарлар әлеміне келер болсақ, Көлсай паркінің аумағында 226-ға жуық жануар түрі кездеседі. ҚР Қызыл кітабына енген сүтқоректілердің 6 түрі, құстардың 11түрі, омыртқасыз жануарлардың 6 түрі бар.
Бүгінгі таңда, көкке шаншылған шыршалармен көмкерілген, аспантаудың жақұт алқасы Көлсайдың табиғатын тамашалауға келетін туристердің саны жыл сайын ерекше қарқынмен артып келеді. Мәселен 2021 жылы індетке қарамастан бұл мекенге 146 мың 380 адам табан тіреген. Сондай-ақ экотуризмнің де даму қарқыны жақсы.
Ұлттық парк аумағының табиғи байлығын қорғап, өңірдегі туризмнің қанат жаюына жағдай жасау үшін аянбай еңбек етіп жүрген барша «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлерін шын жүректен құттықтаймыз! Еліміздің қоршаған ортаны қорғау саласындағы саясатын жетілдіруге ат салысып, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ерен еңбек көрсеткен әріптестерге алғыс айтамыз.
Айта кетейік, «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 7 ақпандағы қаулысына сәйкес құрылған болатын. Көлсай паркі – табиғи кешендерді қорғау және қалпына келтіру, экологиялық-ағартушылық, ғылыми, туристік және рекреациялық мақсаттарда пайдалануға арналған ерекше қорғалатын табиғи аумақ.