Қазақстан су саласының жағдайы туралы

На официальном Интернет-ресурсе Министерства экологии, геологии и природных ресурсов РК https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/documents/details/243132?directionId=14790&lang=kk 

«Қазіргі таңда су шаруашылығы жүйесін одан әрі дамыту шаралары жүргізілуде», – деп ОКҚ алаңында өткен баспасөз-конференциясы барысында Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі С. Қожаниязов мәлімдеді.

Баспасөз-конференциясына журналистер мен су шаруашылығы саласының мамандары қатысты.

Баспасөз-конференциясында сөз алған вице-министр С. Қожаниязов Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауындағы тапсырмасына сәйкес гидротехникалық құрылыстарды басқару, су ресурстарын бөлу, есепке алу және мониторинг жүйелерін цифрландыру және автоматтандыру шаралары енгізіліп жатқанын атап өтті.

Климаттың ғаламдық және аймақтық жылынуы өзендер ағынының азаюы мен өзен суларының ылғалданып, булану деңгейінің жоғарылауына алып келеді. Вегетациялық кезеңде өзен ағынының 50%-ға дейін қамтамасыз ететін мұздық ағынының азаюы байқалады. Мәселе Қазақстанның трансшекаралық ағындарға қатты тәуелді болуымен, сондай-ақ ішкі проблемаларымен қиындауда.

Осыған байланысты осал Арал-Сырдария (93%), Жайық-Каспий (82%), Шу-Талас (74%), Балқаш-Алакөл (48%) су шаруашылығы бассейндері болса, ең осалы – Тобыл-Торғай (12%) және Ертіс (20%) су шаруашылығы бассейндері болып табылады.

Өңірлер жағдайында су ресурстарына жүктемеде диспропорция байқалады.

Өзен ағынының ықтимал төмендеуі (трансшекаралық және жергілікті) жағдайында ауыл шаруашылығында суды ысырапсыз пайдалану мәселесі туындайды.

Ел экономикасы жалпы ішкі өнімнің (бұдан әрі – ЖІӨ) бір долларына Ресей немесе АҚШ-қа қарағанда үш есе, Австралияға қарағанда алты есе көп суды қажет етеді.

Экономика салаларында халықтың су ресурстарын пайдалануының ағымдағы жағдайы сақталатын болса, 2030 жылға қарай су тапшылығына байланысты әлеуметтік-экономикалық даму қарқынының төмендеу қаупі бар.

Заңнаманың жетілдірілмегендігі елдің су ресурстары әлеуетін сақтауға алғышарттар жасамайды. Су ресурстарын ұтымды пайдаланудың экономикалық тетігінің болмауы салдарынан су үнемдеуді дамыту үшін жағдай жасалынбай отыр, сонымен қатар су тапшылығы салдарын жоюға бюджеттен қосымша шығындарға әкеп соғып отыр.

Қазіргі таңдағы қиындықтар мен проблемаларға байланысты қауіптер де бар:

1) ең алдымен климаттың өзгеруіне байланысты су ресурстарының қысқаруы;

2) трансшекаралық өзендер арқылы келетін судың көршілес елдердің саясатына тәуелділігі;

3) суды ұтымсыз және тиімсіз пайдалану, суды бөлу және есепке алу процестерінің нашар автоматтандырылуы және цифрландырылуы;

4) Су ресурстары комитетінің және оның бассейндік инспекцияларының штат санының төмендігі;

5) халық пен қоршаған ортаның өмір сүру жағдайларын сақтау, жақсарту үшін су пайдаланудың экологиялық қауіпсіз және экономикалық оңтайлы деңгейінің төмендетілуі;

6) су шаруашылығы инфрақұрылымы объектілерінің пайдалану мерзімінің аяқталуы және негізгі бөлігінің қанағаттанарлықсыз жай-күйі салдарынан гидротехникалық құрылыстардағы авариялар деңгейінің артуы;

7) су ресурстарын басқаруды ғылыми қамтамасыз етудің әлсіздігі және білікті кадрлардың жетіспеуінің өсуі.

Су шаруашылығындағы жағдайды жақсарту бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқару жүйесін одан әрі дамыту тұжырымдамасының жобасы әзірленді.

Тұжырымдаманың негізгі мақсаты су ресурстарының болжамды тапшылығы жағдайында халықтың, қоршаған ортаның және экономика секторларының суға өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыру, су ресурстары мен суға сұранысты тиімді басқаруды қамтамасыз ету үшін жағдай жасау болып табылады.

 «Ресурсты басқарумен» қатар «сұранысты басқару» деген новелла енгізіліп, яғни суға деген қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін суды аз пайдалануды көздейді.

Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Тұжырымдамада келесі міндеттер белгіленген:

  1. Елдің су ресурстарының әлеуетін сақтау.
  2. Трансшекаралық су ағындарын басқару мен пайдалануда Қазақстан мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету.
  3. Су заңнамасын жетілдіру.
  4. Суды пайдалану тиімділігін арттыру, экономикалық негізделген тарифтерге көшу, суды үнемдейтін технологияларды белсенді енгізу, су ресурстарын қайта пайдалану есебінен қайтарымсыз су пайдалану көлемін азайту.
  5. Суды ұтымсыз және тиімсіз пайдалану, суды бөлу және есепке алу процестерін автоматтандыру және цифрландыруды енгізу.
  6. Гидротехникалық құрылыстар мен суару желілерін қалпына келтіру және жаңғырту, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, суару жүйелеріндегі су ысырабын азайту.
  7. Су ресурстары және су шаруашылығы ғылыми орталығын құру арқылы ғылыми әлеуетті дамыту.
  8. Су шаруашылығы саласы үшін кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіру.
  9. Суды пайдаланушылар мен қоғамның су ресурстары мен су сұранысын басқаруына қатысуын қамтамасыз ету.

Баспасөз-конференциясы қорытындысы бойынша С. Қожаниязов журналистердің сұрақтарына жауап берді.