Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресуртар министрлігі ресми сайтында. https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo?lang=kk
Кеше Астана қаласында «Трансшекаралық су бөлудің халықаралық тәжірибесі және Орталық Азиядағы су ресурстарын бірлесіп пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту перспективалары» атты өңірлік семинарда трансшекаралық бассейндерде су ресурстарын бөлудің халықаралық тәжірибесін қолданудың және Орталық Азиядағы су ресурстарын бірлесіп пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамытудың жалпы тәсілдері талқыланды.
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Финляндияның ауыл және орман шаруашылығы министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған семинар 45-тен астам қатысушыны, оның ішінде Орталық Азияның бес елінің бейінді министрліктерінің ресми өкілдерін, сондай-ақ халықаралық сарапшыларды жинады.
Су ресурстарын әділ және тұрақты бөлу әлемнің көптеген аймақтарындағы ең қиын мәселелердің бірі болып отыр. Бұл мәселе Орталық Азия үшін айрықша өзекті, мұнда халықтың, өнеркәсіптің және ауыл шаруашылығының климаттың өзгеруі жағдайында суға деген қарқынды қажеттіліктері қазірдің өзінде судың тапшылығын тудырды. Жағдайды суды тиімсіз пайдалану, суару қондырғылары мен суды үнемдеу жүйелерінің тозуы және басқа да мәселелер қиындатады.
Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серікалий Мұқатаев: «Жылдам жүріп жатқан жаһандық катаклизмдер жағдайында Орталық Азияда су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелерінің өзектілігі арта түсетіні ешкімге құпия емес. Елдердің бірлескен және уақтылы күш-жігері ғана қазіргі қиындықтарға төтеп беруге және туындайтын мәселелерді шешудің дұрыс жолдарын табуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті.
Екі күндік семинар әлемнің 100-ден астам елінің қатысуымен және Финляндияның басшылығымен әзірленген трансшекаралық сулар жөніндегі конвенцияға су ресурстарын тұрақты және әділ бөлу жөніндегі жаһандық Нұсқаулық негізінде трансшекаралық контексте су ресурстарын бөлудің халықаралық тәжірибесін зерделеуде елдерге жәрдем көрсетуге бағытталған.
«Суды бөлу қол жетімді судың мөлшерін, сапасын немесе мерзімін үйлестірудің әртүрлі тәсілдерін қамтиды. Сонымен бірге бөлу тетіктерін секторлық және басқа да су шаруашылығы шараларымен бірге қолданған дұрыс», – деді Финляндия сыртқы істер министрлігінің су ресурстары жөніндегі арнайы өкілі Антти Раутаваара.
«Трансшекаралық сулар жөніндегі Конвенция шеңберінде кең үкіметаралық үдеріс шеңберінде әзірленген және практикалық тәжірибеге, соның ішінде жағдайлық зерттеулердің кең тізіміне негізделген Нұсқаулық трансшекаралық ынтымақтастық пен бейімделудің маңыздылығы туралы нақты түсінік береді. Бұл Орталық Азия өңірінде ғана емес, бүкіл әлемде, қазір және болашақта су ресурстарын басқарудың күрделі мәселелерін шешу үшін қажетті әлеуетті арттыруға ықпал етеді деп үміттенеміз», – деді БҰҰ ЕЭК қоршаған орта жөніндегі маманы Юлия Тромбицкая.
Өңірлік семинар Орталық Азияның бес елінің сарапшыларына трансшекаралық бассейндерде суды бөлудің критерийлері, тетіктері, құралдары және озық практикасы туралы түсінік пен білімді жақсартуға, сондай-ақ Орталық Азиядағы су ресурстарын өзара тиімді пайдаланудың перспективалық тәсілдерін талқылауға мүмкіндік береді.
Семинарды трансшекаралық сулар жөніндегі Конвенцияны жүзеге асыру шеңберінде Швейцарияның даму және ынтымақтастық агенттігі мен БҰҰ ЕЭК қолдауымен Финляндияның қоршаған орта институтымен (SYKE) ынтымақтастықта Халықаралық суды бағалау орталығы ұйымдастырды.