Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресуртар министрлігі ресми сайтында. https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo?lang=kk
Қазақстан Үкіметі мен Fortescue Future Industries компаниясы еліміздің бірнеше өңірінде, соның ішінде Атырау және Маңғыстау облыстарында «жасыл» сутегі өндіру жөніндегі жобаларды іске асыру туралы Негіздемелік келісім жасасты.
Құжатқа Мысырда өтіп жатқан Климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық конференцияның (COP27) Әлемдік көшбасшылар саммиті аясында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Fortescue компаниясының басшысы Эндрю Форрест қол қойды.
Келісімді іске асыру еліміздің 2030 жылға қарай парниктік газ шығарындыларын 15%-ға азайту және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығын қамтамасыз ету бойынша биік мақсаттарға қол жеткізуіне үлес қосады деп күтілуде. Алдағы жобалар кеше Қазақстан мен Еуроодақ арасында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум аясында еуропалық нарыққа жеткізу жоспарланып отырған «жасыл» сутегінің ауқымды көлемін өндіруге арналған.
Жалпы алғанда, «таза» сутегін өндірудің қолжетімді технологияларын енгізу Қазақстанға 5-7 жылдан кейін осы отынның әлемдік ірі жеткізушілерінің біріне айналуына мүмкіндік береді.