Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресуртар министрлігі ресми сайтында. https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo?lang=kk
«Алтын Дала» табиғатты қорғау бастамасы (АДТБ) қалпына келтірудің әлемдік флагманы мәртебесіне ие болуына орай шығарылды. Оған өткен жылдың желтоқсан айында Біріккен Ұлттар Ұйымының айналадағы орта жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП) және азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы (ФАО) экожүйелер мен биоалуантүрлілікті қалпына келтіру мен сақтау жолындағы ең сәтті он бағдарламаның бірі атағын берді.
«Алтын Дала» бастамасы 2006 жылдан бері ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, АСБК, Франкфурт зоологиялық қоғамы (FZS), Fauna & Flora (FFI) халықаралық ұйымы, Құстарды қорғау корольдік қоғамы (RSPB) арасындағы серіктестік аясында жүзеге асуда. Оның мақсаты – жануарлардың негізгі түрлерін, далалы және шөлейтті экожүйелерді сақтау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін жетілдіру. Бастаманың басты «жалауы» – ақбөкен, оның саны браконьерлікке байланысты шектен тыс төмен деңгейде болатын.
Ақбөкендерді қорғау бойынша қабылданған мемлекеттік шаралардың арқасында оның саны 24 мыңнан (2003 ж.) 1,3 млн. басқа (2022 ж.) дейін артты.
Сонымен қатар, жануарларды жерсеріктік таратқышпен таңбалаудың үлесімен жылдың әр мезгіліндегі ақбөкеннің негізгі қоныс орындары анықталды, тиісінше, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және/немесе кеңейту ұсынылды, ақбөкендердің көші-қон ерекшеліктері мен жолдары және оларға тиетін желілік инфрақұрылымның әсері тереңінен қарастырылды, сондай-ақ мемлекеттік инспекторлардың түрді қорғауды күшейтуіне ықпал ету мүмкіндігі туды.
Қазақстандағы БҰҰДБ жобаларының және басқа серіктестердің қолдауымен жұмыла жасалған әрекеттер нәтижесінде 5 миллион гектардан астам құнды далалы және шөлейтті экожүйелер ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға айналды.
БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының атқарушы директоры Ингер Андерсен: «Ақбөкеннің оралуы – табиғатты қорғау жолындағы әлем тарихының ең үздік жетістіктерінің бірі. Бұл күйзелген экожүйелерді қалпына келтіруді қолға алған адамзаттың батыл шаралары мен іс-әрекетінің жарқын үлгісі», – деп атап өтті.
Экожүйелерді қалпына келтіру бойынша «Алтын Дала» бастамасымен бірге тоғыз ұзақ мерзімді жоба мен бастама сыйлыққа ие болды. Осы 10 мысал саяси ерік-жігерді, ғылым және трансшекаралық ынтымақтастықты қолдана отырып, БҰҰ қойған экожүйелерді қалпына келтіру жолындағы онжылдық мақсатты жүзеге асырудың және тұрақты болашақты құрудың зор мүмкіндігін көрсетеді.
«Алтын дала» бастамасы туралы фильмді https://youtu.be/vYNWw7qr3rc сайтынан көруге болады.