Вице-министр Ұлытау облысындағы экологиялық жағдайды жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты

https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo?lang=kk

Ұлытау облысына жұмыс сапары барысында Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Досбол Бекмағамбетов Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданы тұрғындарының денсаулығы мен қоршаған ортаның жай-күйін кешенді бағалау мәселелері жөніндегі кеңеске қатысты. Экологиялық электрондық геоақпараттық жүйені қалыптастыру мәселелері қаралды.

Кеңеске облыс әкімінің орынбасары, мәслихат депутаттары, экоактивистер қатысты.

«Экосервис-С» ЖШС өкілдері ағымдағы жылдың тамыз айындағы өңірдің экологиялық көрсеткіштері туралы аралық есеп жасады.

Досбол Бекмағамбетов қоғам белсенділерінің өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша қабылданып жатқан шараларға қатысты сұрақтарына жауап берді.

Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында вице-министр «Қазақмыс Дистрибьюшн» ЖШС Жезқазған ЖЭО және «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Жезқазған мыс балқыту зауытында болып, қала құраушы кәсіпорындардың қызметімен танысты.

Мұнда Досбол Бекмағамбетов өндірістік цехтарды аралап, компания өкілдерімен ҚДТ енгізу мәселелерін, даму перспективаларын, шығарындыларды азайту, санитарлық-қорғау аймағын көгалдандыру шараларын талқылады.

«Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС компаниясының басшылығымен күкірт қышқылы цехын салу жобасы таныстырылды.

Кәсіпорынға барлық экологиялық талаптар мен ең жақсы қолжетімді техникалар мен технологияларды сақтай отырып, күкірт қышқылы цехының екі тізбегін белгіленген мерзімде салуды және пайдалануға беруді қамтамасыз ету тапсырылды.