Бүгін Астана қаласының орталық саябағы ауданында Зеренді балық питомнигі мемлекеттік тапсырыс шеңберінде республикалық бюджет қаражаты есебінен өсірілген 300 мыңнан астам тұқы балығы шабақтарын Есіл өзеніне жіберді.
Балықтандыруға Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің, қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми ұйым мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ елорда тұрғындары қатысты.
Жыл сайынғы балықтандыру табиғи су айдындарының балық ресурстарын сақтау және тұрақты пайдалану, сондай-ақ елорда тұрғындарының демалысы үшін рекреациялық жағдайлар жасау мақсатында өткізіледі, осылайша барлығы өз қармағымен қала жағалауына шығып, бос уақытында балық аулап демала алады.
Айта кетейік, балық өсіретін кәсіпорындар ағымдағы жылдың басынан бастап Қазақстанның су қоймаларына мемлекеттік тапсырыс аясында бағалы балық түрлерінің 80 млн.дана шабақ жіберді.
Сонымен қатар, қазан айының соңына дейін Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл, Зайсан-Ертіс және Есіл бассейндерінің су айдындарына тағы 20 млн.дана шабақ жіберу жоспарлануда.