Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресуртар министрлігі ресми сайтында. https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo?lang=kk
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың төрағалымен Арал теңізінің құрғаған табанында сексеуіл екпелерін егу жөніндегі Мемлекет басшысы тапсырмасының орындалуы бойынша кеңес өтті.
Кеңеске Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, Республикалық орман селекциялық-тұқым өсіру орталығы, Қызылорда облысы әкімдігі, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен Қазақ орман шаруашылығы ғылыми зерттеу институты мамандары қатысты.
Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстардың орындалуы бойынша Арал теңізінің құрғаған табанында сексеуіл екпелерін егу жұмыстарының іске асырылуын бақылау жөніндегі Республикалық штаб басшысының орынбасары, Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығының бас директоры Ғазиз Әліби 2021-2023 жылдары атқарылған жұмыстарға тоқталып,: «Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында, 2021 жылы Арал теңізінің құрғаған табанындағы су қоры жерлерінен 500 мың га жер Арал орман мекемесінің мемлекеттік орман қоры жерлеріне қосылып, 2023 жылдан бастап Арал теңізінің құрғаған табанындағы жаңадан қосылған жерлерде орман мелиорациялық жұмыстар жүргізіле бастағанын» айтты.
Климаттық жағдай өзгеріп, дауылдардың жиілігі мен күші артып келе жатыр. Желмен тасымалданатын тұз бен шаң Арал теңізіне іргелес аудандарға, олардың тұрғындарына айтарлықтай зиян келтіреді. Жыл сайын Арал теңізінің құрғаған түбінен ауаға 100 млн тоннадан астам тұз, шаң және құм шығады.
Ә. Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС Алматы қаласы филиалының директоры Ахметов Руслан Арал теңізінің құрғаған түбін фитомелиорациялау бойынша әзірленген бірқатар ұсыныстары бойынша баяндама жасады.
Министр Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында Арал теңізінің құрғаған табанында фитоорманмелиорациялық жұмыстарды тиісті деңгейде, сапалы және уақытылы орындау маңыздылығын атап өтті.