Қазақстанда орман тұқымдарының генетикалық банкі сәтті құрылуда

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресуртар министрлігі ресми сайтында. https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/727803?lang=kk

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Дүниежүзілік банкпен бірлесіп Қазақстанда ландшафттарды тұрақты қалпына келтіру жобасын (бұдан әрі – Жоба) сәтті әзірлеуде.

Қазақстан соңғы онжылдықта ормандардың азаюы және ормандағы биоалуантүрліліктің жойылу проблемасына тап болды. Сондай-ақ, елде орманды қалпына келтіру және экожүйені сақтау үшін маңызды болатын орман тұқымдарының мол ресурстарына ие. Аталған мәселелерді шешу мақсатында Дүниежүзілік банк Қазақстанда ландшафттарды тұрақты қалпына келтіру жобасын іске қосты. Оның аясында орман тұқымдардың генетикалық банкі құрылады.

Орман тұқымдарының генетикалық банкі – өсімдіктердің генетикалық материалдарының сақтау қоймасы болып табылады. Ол ормандардың әртүрлілігін және генетикалық тұтастығын сақтауға мүмкіндік береді. Еліміздің әр өңірінен жиналған түрлі орман тұқымдарын сақтайтын ерекше платформаның бірі. Бұл банк генетикалық ақпарат қорының қызметін атқарып, өрттен, аурулардан, кесудан және түрлі төтенше жағдайлардан кейін орманды қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Қазақстанда тұқымдардың генетикалық банкінде сақталатын ағаш түрлерінің бастапқы тізбесі түрлерді қорғау, ландшафтта таралуы, зиянкестер мен ауруларға төтеп беретін критерийлер бойынша сұрыпталып жасалды.

Тізімге Қызыл кітапқа енген бірегей және сирек кездесетін ағаш өсімдіктерінің 46 түрі; белсенді абаттандыру іс-шаралары үшін әлеуеті бар перспективалы түрлер; орман құруда маңызды рөл атқаратын орман құрушы түрлер кірді.

«Тұқымдар банкінде өсімдіктерді сақтау және олардың түрлерін көбейту жұмыстары еліміздің ландшафттарының ұзақ мерзімді тұрақты дамуына қажетті қадамдардың бірі болмақ. Ол ормандарды қалпына келтіруге, биоалуантүрлілікті көбейтуге және жердің деградациясы мен климаттың өзгеруімен күресуге мүмкіндік береді», – деп хабарлады ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасының орынбасары Е. Құтпанбаев.

Дүниежүзілік банкпен бірлескен жоба аясында орман тұқымдарының генетикалық банкінің материалдық-техникалық базасын құруға қолдау көрсетілді. Орман тұқымдарын сақтау мен кептіруге, оларды қабылдауға қажетті құрылғылар, аспаптар және автотранспорт сатып алынды. Бұдан басқа, зертхананың блогы қажетті техникамен және жиһазбен жабдықталып, орман тұқымдарын тексеру үшін шығын материалдары мен оларды сақтауға арналған арнайы жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Жоба жетекшісі Е.Мұратовтың айтуынша, зертханада микроклондау әдісі арқылы жаппай тираждау үшін вируссыз, генетикалық біртекті отырғызу материалын алу әдісі сәтті жүзеге асуда. Бұл өсімдіктерді көбейтудің қысқа әрі жеделдетілген жолы, ол барлық маңызды генетикалық ерекшеліктерді сақтауға мүмкіндік береді.

Зертхана жұмысы барысында клондық отырғызу материалын алу әдісі әзірленіп, ағаш-бұталардың әртүрлі түрлерін «invitro» жағдайында сақтайтын меристемалық тұқымдар банкі құрылды. Олардың ішінде Іле-Алатау тарамының сиверс алма ағаштары, карел қайыңы, манчжур қайыңы, қағаз қайың және т.б. Мұндай тұқымдық қор құнды қазынаның бірі.

Кәсіпорынның орман биотехнология зертханасында жабық тамыр жүйесі арқылы тораңғы өсірудің жаңа технологиясы әзірленіп, сынақтан сәтті өтті. Бұл Қазақстанның тораңғы ормандарының генетикалық әртүрлілігін сақтауға мүмкіндік береді.

2018 жылы Қазақстан Бонн шақыруы аясында 2030 жылға қарай 1,5 млн га орман алқаптарын қалыпқа келтіруге міндеттемені алды. Жоба республиканың орман қорын ұлғайтып, жердің тозуын азайтады.

Тұқымдардың генетикалық банкінің басты идеясы Қазақстанның әр аймағының климаттық жағдайының, топырақтың құрамы мен басқа да факторлар бойынша ерекшеленуінде, тек ішкі тұқым қоры орманды қалпына келтіруді қамтамасыз ете алмайды. Әр өңірдің генетикалық материалдарын сақтау арқылы нақты экожүйелер үшін тұқымдардың қажетті сортын таңдауға болады. Ол ландшафттарды қалпына келтіру жобасының тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.

Орман тұқымдарының генетикалық банкі Қазақстанда ландшафттарды тұрақты қалпына келтіру және биоалуантүрлілікті сақтау саласы бойынша жаңа мүмкіндіктерді ашады. Ол табиғатты сақтауға және болашақта тұрақты өмір сүру ортасын құруға бағытталған экологиялық жауапты іс-шаралардың тәуелсіз құралына айналады. Жоба жасыл экономика мен Қазақстанның тұрақты дамуын құрудағы маңызды қадам болмақ.

Анықтама: Өсімдіктердің биоалуантүрлілігін сақтау мақсатында
152 елде тұқым банктері құрылған. Қазіргі уақытта әлемде 1000-нан астам ауыл шаруашылығы дақылдарының, табиғи флораның, жеміс өсімдіктерінің және т.б.
 тұқым банкі бар.