Көгалдандыру мәселелеріне ғылыми көзқарастар

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресуртар министрлігі ресми сайтында. https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/788348?lang=kk

Алматы қаласында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың қатысуымен дөңгелек үстел өтіп, онда республикамыздың қалалары мен елді мекендерін көгалдандыру мәселелеріне ғылыми көзқарастың өзекті мәселелері, заманауи проблемалар мен оларды шешу жолдары талқыланды.

Іс-шараға Қазақстан, Ресей Федерациясы, Өзбекстан ғылыми-зерттеу институттарының белгілі ғалымдары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, мемлекеттік ботаникалық бақтардың басшылары, жетекші ландшафт сәулетшілері және т.б. қатысты.

Күн тәртібіне сәйкес дөңгелек үстелге қатысушылар еліміздің қалалары мен елді мекендеріндегі көгалдандырудың қазіргі жай-күйін бағалаумен, жасыл желектерді түгендеу және цифрландыру мәселелерімен танысты.

«Біз мұнда өзекті мәселелердің бірі – елді мекендерде сапалы жасыл желектерді құру бойынша күш-жігер мен білімді біріктіру үшін жиналдық. Өйткені, бұл экология мәселесі ғана емес, біздің азаматтарымыздың денсаулығы, өмір сапасы және қолайлы орта құру. Экология және табиғи ресурстар министрлігі бұл мәселеге үлкен мән беріп, осы мәселені шешуге бағытталған ғылыми зерттеулер мен практикалық жобаларды қолдауға дайын», – деп атап өтті министр өзінің құттықтау сөзінде.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта жоспарлау құрылымының барлық элементтерін теңгерімді және өзара байланысты дамыта отырып, көгалдандыру және жайлы тіршілік ортасын құру үшін өсімдіктерді таңдаудың ғылыми негізделген тәсіліне негізделген түбегейлі жаңа әдістемелерде қалалық көгалдандыруды ұйымдастыру принциптерін қайта қараудың шұғыл қажеттілігі туындағаны атап өтілді.

Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар қалалық көгалдандыру мәселелерін шешуде, өсімдіктердің ассортиментін таңдауда, оларды бақылау мен күтуде ғылыми тәсіл бойынша ұсыныстар әзірледі.