ҚР Экология және табиғи ресуртар министрлігінің «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК ресми сайтында https://iacoos.kz/kz/2026/06/16/43203
2026 жылғы 15 маусымда «Астана» халықаралық қаржы орталығында экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы жаңа технологиялар бойынша халықаралық Беларусь-Қазақстан форумы өтті. Іс-шара Беларусь Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылып, экология, табиғатты пайдалану және тұрақты даму салаларындағы жетекші мамандардың басын қосты.
Форум жұмысына мемлекеттік органдардың, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың, өнеркәсіптік кәсіпорындардың және экологиялық ұйымдардың өкілдері, соның ішінде Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК өкілдері қатысты.
Қатысушыларға тұрмыстық қатты қалдықтарды, өндірістік, медициналық және құрылыс қалдықтарын қайта өңдеудің заманауи технологиялары, ауыз су мен сарқынды суларды тазарту шешімдері, экологиялық инфрақұрылымды цифрландыру, мұнай шламдары мен тозған резеңкені қайта өңдеу технологиялары, сондай-ақ жасанды интеллектті пайдалана отырып, қалалық сумен жабдықтау жүйелерін басқарудың инновациялық тәсілдері таныстырылды.
Форум аясында экологиялық инновацияларды енгізу, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы тәжірибе алмасу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Форум қорытындысы бойынша қатысушылар экологиялық технологиялар мен тұрақты даму саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады. Іс-шара өзекті экологиялық міндеттерді шешу және табиғатты қорғау бағытындағы заманауи шешімдерді ілгерілету үшін халықаралық өзара іс-қимылдың жоғары әлеуетін растады.






