БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының Қоршаған орта және даму жөніндегі комитетінің 9-сессиясына қатысуы

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресуртарт министрлігі ресми сайтында https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1253639?lang=kk

2026 жылғы 1–3 шілде аралығында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің делегациясы Тайланд Корольдігінің Бангкок қаласында өткен БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (АТмЭжӘК) Қоршаған орта және даму жөніндегі комитетінің тоғызыншы сессиясына (Committee on Environment and Development, CED9) қатысты.

Сессияның негізгі мақсаты 2022 жылы Комитеттің жетінші сессиясында қабылданған «Азия және Тынық мұхиты өңірінде өңірлік ынтымақтастық пен бірлескен іс-қимыл арқылы планетамызды қорғау туралы» министрлік декларациясының басым бағыттары бойынша қол жеткізілген нәтижелерді қарау, сондай-ақ климаттың өзгеруі, биоалуантүрліліктің азаюы және қоршаған ортаның ластануы сияқты үш жаһандық экологиялық сын-қатерге ден қою және Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін кешенді саясатты қалыптастыру мәселелерін талқылау болды.

Ресми бағдарлама аясында Министрлік өкілдері орнықты даму мен өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне арналған жоғары деңгейдегі тақырыптық іс-шараларға қатысты.

Атап айтқанда, қазақстандық делегация «Орнықты биоэкономиканы дамыту арқылы Азия және Тынық мұхиты өңіріндегі синергияны іске асыру» атты қатар өтетін іс-шарада сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасының биоэкономиканы дамыту, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және орнықты даму қағидаттарын ілгерілету жөніндегі ұлттық тәсілдерін таныстырды.

Сонымен қатар Азия және Тынық мұхиты өңіріндегі тұрақты әрі орнықты қалалық дамуды нығайту мәселелері жөніндегі сарапшылар тобының кеңесіне қатысып, оның барысында қалалардың орнықтылығын арттыру, қалалық жоспарлауға экологиялық аспектілерді ықпалдастыру, климатқа төзімді қалалық инфрақұрылымды дамыту және өңірдің озық тәжірибелерімен алмасу мәселелері талқыланды.

Іс-шара аясында АТмЭжӘК өкілдерімен екіжақты кездесулер өтті. Кездесулер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен АТмЭжӘК арасындағы әріптестікті одан әрі нығайту және ынтымақтастықты дамыту жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді.