Қалдықтардың мемлекеттік кадастры
Қалдықтарыдың мемлекеттiк кадастры, қалдықтарды орналастырудың әрбiр объектiсi (олардың кеңiстiктегi орналасуын көрсете отырып) бойынша геоақпараттық жүйелер, сондай-ақ қалдықтардың түрлерi, олардың шығу көздерi мен физикалық-химиялық қасиеттерi (халыққа және қоршаған ортаға қауiптiлiгi ескерiле отырып), компоненттiк құрамы, сандық және сапалық көрсеткiштерi, оларды сақтаудың, көму мен тастаудың техникалық, гидрогеологиялық және экологиялық шарттары, оларды пайдалану мен залалсыздандыру технологиялары негізiнде жүйелендірілген, кезеңділікпен толықтырылатын және нақтыланатын бiрегей мәлiметтер жиынтығы болып табылады.
Қалдықтардың мемлекеттік кадастрын жүргізуді Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ведомствоға бағынысты ұйымы «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» РМК жүзеге асырады.
ҚР Экологиялық кодексінің 30 тарауына сәйкес қалдықтардың мемлекеттiк кадастры Қоршаған ортаны қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесінде (бұдан әрі – ҚОҚ БАЖ) жүзеге асырылды және http://oos.ecogeo.gov.kz порталында орналасқан.
ҚОҚ БАЖ-дың мақсаты мемлекеттік экологиялық сараптама, мемлекеттік органдар, мүдделі жеке және заңды тұлғалар үшін қалдықтар туралы деректерді жинау және өңдеу үдерісін жеңілдету және оңайлату мүмкіндігі болып табылады.
Аталған қалдықтарды жүйелі түрде жинау геоақпараттық жүйелерге негізделген, оған мыналар жатады
—әрбір объекті бойынша қалдықтардың орналасуы;
— қалдық түрлері, олардың шығу тегі мен қасиеттері;
— компоненттік құрамы, сандық және сапалық көрсеткіштері.
Объектілердің операторлары қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға мынадай құжаттаманы ұсынады:
1) қауіпті қалдықтардың паспорты;
2) қалдықтарды түгендеу жөніндегі есеп;
3) мыналарды:
тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органының қалдықтарды жинап қоюға және жоюға арналған жер учаскесін бөлу туралы шешімін;
жер учаскесінің орналасқан жері бойынша өз құзыреті шегінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органы куәландырған жер учаскесінің шекараларын белгілеу және жер учаскесіне құқық белгілейтін құжатты беру туралы анықтаманы;
қалдықтарды орналастыру объектілерін құрудың техникалық-экономикалық негіздемесін;
қалдықтарды орналастыру объектілерін құру жобасына санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың оң қорытындысын қамтитын қалдықтарды орналастыру объектісі бойынша кадастрлық іс. Сондай-ақ, жойылуы қиын органикалық ластауыштар мен медициналық қалдықтар туралы ақпаратты құрайды.
ҚОҚ БАЖ бағдарламасының мүмкіндіктері, бір аймақта мысалында түзілген, өңделген және орналастырылған қалдықтардың көлемдері туралы ақпаратты көрсетуге, осы саладағы аса ірі табиғат пайдаланушылар туралы егжей-тегжейлі анықтауға жағдай жасайды.
Бұдан басқа, ҚОҚ БАЖ-да полигондар мен қалдықтарды орналастыру объектілері бойынша географиялық орналасқан жерін және қажетті ақпаратты алу мүмкіндігімен қалдықтарды орналастыру объектілерінің картографиясы көзделген.
Жүргізілген жұмыс қорытындылары бойынша қалдықтардың мемлекеттік кадастрын қолданысқа енгізу мүдделі мемлекеттік органдарға, жеке және заңды тұлғаларға мынандай мүмкіндік береді:
– мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар үшін ресми деректерге қол жеткізу;
– қалдықтардың түзілуі, қайта өңдеу сатыларында және көмілгенге дейін қозғалысын қадағалау;
– қалдықтарды басқарудың мемлекеттік саясатын неғұрлым тиімді жүргізу үшін талдамалық ақпаратты пайдалану.
Қалдықтардың мемлекеттік кадастрын жүргізу нәтижелері бойынша жыл сайын Ақпараттық шолу әзірленеді.
2016 жылға ақпараттық шолу
2017 жылға ақпараттық шолу
2018 жылға ақпараттық шолу
2019 жылға ақпараттық шолу
2020 жылға ақпараттық шолу
2021 жылға ақпараттық шолу