Асау дәрияның ағыны қатты. Сырдария суының екпіні арна иіндерін қажап, бөгеттер жұқарып қалып жатыр.

Осыған орай сала мамандары өзен жағасындағы бөгеттердің беріктігін үздіксіз қадағалауға алды. Бірақ суды реттеуші құрылымдарға жағалауды қойтастармен көмкеріп, нығыздап шегендеу жағы қиынға соғып тұр. Себебі инертті материалдарды тасымалдауға көлік инспекторлары кедергі.

Сырдария бетінде мұз әлі қатқан жоқ. Мамандардың өзегі талып, өзен жағалап, алаңдауы тегін емес. Қазіргі таңда Қызылорда гидротоспасынан секундына 430 текше метр су төмен түсуде.

Бөгет берік болмаса, асау ағыс айылын жимасы анық. Мемлекеттік «Қазсушар» мекемесінің Қызылорда облысындағы өкілі Жорабек Нұрымбетов өзен бөгетінің бүтіндігіне жауапты мамандардың бірі. Ол қала іргесіндегі «Пищевик» саяжайы маңын қойтастармен шегендеу қажет екендігін айтады. Өйткені иін тұсқа тап келгендіктен, күшті ағын жағалауды сәт сайын жұқартуда.

Жорабек Нұрымбетов, «Қазсушар» РМК өндірістік учаске басшысы:

– Күн суытып, мұз қатып кеткен жағдайда 400-500 куб су келетін болса, жеу процесі 2-3 есеге дейін көбейіп кетуі мүмкін. Сол уақытта мына дамбаның бір осал жерінен тесіп кете ме деген бізде қауіп бар.

Тасқынға тосқауыл болар ірі тастарды жеткізу қиындық тудырып тұр. Жағалауды шегендеуге қажет инертті материалдар облыс орталығынан 180 шақырым жердегі Қаратау бөктерінен алынып, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі арқылы жеткізіледі. Бұл ретте заңға сәйкес облыстық және республикалық маңыздағы автомобиль жолдарында жүк тасымалдау арнайы белгіленген салмақтан аспауы керек. Ал карьерден 30-40 тонна тас тиеп, тасымалдайтын жүк көліктерін тізгіндегендер аталған талапқа мойын ұсынғысы жоқ.

Ержан Жолдасов, Қызылорда облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы:

– Тасымалдаушы 3 рет баратын жерге ол бір-ақ рет апарғысы келеді. Бір апарғанда 50-70 тонна болмаса, 40 тонна апарғысы келеді. Бұл жерде бізде осы артық салмақ үшін ҚР ӘК 593-бабының III бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Үкіметтің арнайы қаулысына сәйкес төтенше жағдай жарияланған кезде ғана маңызды магистральда жүкті шамадан тыс алып жүруге рұқсат беріледі. Ал басқа уақытта жүк тасымалдау ережесін сақтамағандардың жазасы жеңілдемейді. Заңнан аттағандарға 50-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу қарастырылған. Заң талаптары қатаң қадағаланбаса, ғасыр жобасына баланған мына халықаралық автодәліздің көп ұзамай тоз-тозы шығуы мүмкін, – дейді мамандар.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Әлхайдар Тұрлыханов

Дерексөз: 24.kz