АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алдағы онжылдықта әлемде ішуге жарамды ауыз судың жетіспеушілігі өзекті мәселеге айналады. Бұл туралы бүгін Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтіп жатқан «Жасыл көпір – ұрпақтан-ұрпаққа» атты V Халықаралық студенттік форум барысында биология ғылымдарының докторы, профессор Роман Ященко мәлім етті.

«Ауыз су мәселесі өте маңызды тақырып. Біз қазір әлем бойынша судың жетіспеушілігіне қатысты үлкен ғаламдық дағдарыстың алдында тұрмыз. Бұл тақырып әлемдік деңгейдегі әр түрлі форумдарда талқыланып жатыр Бірақ, әзірге ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже жоқ. Ішуге жарамды су – алдағы онжылдықта ең өзекті әлемдік мәселеге және ең жоғары құндылыққа айналады. Сондықтан, бұл мәселені қазір шешіп, халықты ауыз сумен қамтамасыз етудің ең тиімді жолдарын іздестіруіміз қажет», – деді Р. Ященко.

Айта кетелік, ресми статистикалық деректерге сүйенсек, жер шары халқы бүгінде 7 миллиард 372 миллион адамға жетіп отыр.

Жыл сайынғы өсім – шамамен 80 миллионнан астам адамды құрайды. Ал ішуге жарамды ауыз суға деген қажеттілік жыл сайын 64 млн. текше метрге артып жатыр. Жер шары халқы үш есеге артқан кезең аралығында ауыз суды пайдалану – 17 есеге артқан. Тағы 20 жылда тағы 3 есеге артуы ықтимал. Қазіргі таңда әлемде әрбір алтыншы адам ауыз судың жетіспеушілігінен зардап шегеді.

Кейбір болжамдар бойынша 2025 жылға қарай, 50 ел ауыз су тапшылығынан зардап шеге бастайды. Ал бұл елдердегі жалпы халық саны 3 млрд. адамды құрайды.

Дерек көзі: http://inform.kz/kaz/article/2891506