Дереккөз: kz.energo.gov.kz

2016 жылдың 22 қарашасында Қазақстан Республикасы Үкіметі отырысында ҚР Энергетика Министрі Қ. Бозымбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасын ұсынды.

Заң жобасы Ұлт жоспары «100 нақты қадамның» 51-қадамында (өңірлік электр желілік компанияларды ірілендіру) айқындалған міндеттерді іске асыру мақсатында әзірленді.

2016 жылдың 7 қазанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның төрт жүз оныншы (410-шы) отырысында Заң жобасының жаңартылған Тұжырымдамасы мақұлданды. Тұжырымдама Өңірлік электр желілік компанияларды ірілендіруге бағытталған негізгі механизмдерді көздейді.

ЭЖК ірілендіру мәселесі Заң жобасында 5 негізгі механизм бойынша қаралды, олар:

– иесіз электр желілерін қабылдаған кезде энергия беруші ұйымдарды  корпоративтік табыс салығынан және мүлік салығынан босату;

– энергия беруші ұйымдар үшін  табиғи монполиялар саласындағы заңнамада көзделген тыйым салуды алып тастау;

– электр желілерін кеңейткен кезде энергия беруші ұйымдар тарифтерінің шекті деңгейлерін қайта қарау мүмкіндігі;

– мемлекеттік кәсіпорындар балансындағы  электр желілерін беру;

– энергия беруші ұйымдардың қызметіне талаптарды кезең-кезеңмен енгізу.

Заң жобасы энергия берүші ұйымдарға қойылатын талаптарды кезең-кезеңмен қолданысқа енгізуді  қарастырады:

– 2018 жылғы 1 қаңтардан кешіктірмей – диспетчерлік технологиялық басқарудың болуы;

– 2020 жылғы 1 қаңтардан кешіктірмей – электр желілерін, жабдықтарды, механизмдерді техникалық қамтамасыз ету және пайдалануды, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасын жүзеге асыратын,  жеке және ұжымдық қорғау құралдарымен, арнайы киіммен, құралдармен қамтамасыз етілген, аттестацияланған және оқыған персоналы бар қызметтің болуы;

– 2020 жылғы 1 қаңтардан кешіктірмей – жүйелік қызмет көрсету бойынша жүйелік оператормен шарттың болуы;

– 2022 жылғы 1 қаңтардан кешіктірмей – автоматтандырылған коммерциялық есепке алу жүйелерінің, оларды жүйелік операторда және өңірлік электр желілік компанияда орнатылған жүйелермен біріздендіруді қамтамасыз ететін телекоммуникациялардың болуы.

Заң жобасының аталған механизмдерін іске асыру энергия беруші ұйымдарды ірілендіруге мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде:

– энергия берші ұйымдар санының азаюына (2020 жылға қарай 130 ЭБҰ аспайтындай);

– энергиямен жабдықтау сенімділігін  арттыруға;

– электр энергиясын беру қызметі үшін төлем енгізу бойынша тұтынушылар шығындарының азаюына;

– иесіз электр желілерін энергия берші ұйымдардың  балансына беруге әкеледі.

Әзірленген Заң жобасы Қазақстан Республикасының 2 Кодексіне және 3 Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Бұл – Салық кодексі; Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс; «Электр энергетикасы туралы», «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» және «Мемлекеттік мүлік туралы» заңдар.

Ағымдағы жылдың 1 қарашасына жағдайы бойынша энергия беруші ұйымдар саны  – жүз алпыс (160) компания. Энергия беруші ұйымдар арасынан жүйелік оператор – «KEGOC» акционерлік  қоғамын, 19 Өңірлік Электр желілік компанияны, 27 мемлекеттік кәсіпорынды  (ҚМК – қазыналық мемлекеттік кәсіпорын, МКК – мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын, РМК – республикалық мемлекеттік кәсіпорын) және 113 шағын және орта энергия беруші ұйымды атап өтуге болады.