Дереккөз: www.24.kz

3cfb42c1336c7f750c6deaebaae46efb_l

Бұл ұйым кең байтақ еліміздің тарихи, мәдени һәм рухани құндылықтарын шет мемлекеттерде кеңінен насихаттап, инвестиция тартумен айналысатын болады. Ұлт жоспары аясында жүзеге асқан бұл міндетпен қоса үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы да жүйелі жолға қойылды.

Кең байтақ қазақ жерінің кез келген шетелдік қонақты таң қалдырып, таңдай қақтыратын мүмкіндігі мол. Алтай мен Атырау, Ертіс пен Еділ арасындағы ұланғайыр атырап тарихи, мәдени мұралар мен рухани құндылықтарға толы. Бұл ретте межелі міндеттерді жүйелі жүзеге асыру үшін географиялық жағынан тұтас елді қамтитын 6 өңірлік-туристік кластер құру көзделген.

Астана мәдениеттердің геосаяси тоғысатын жеріне айналса, Алматы – өркениет бесігі, Шығыс Қазақстан – Алтай маржаны, Батыс Қазақстан – Каспий қақпалары, Оңтүстік Қазақстан – Ұлы Жібек жолының жаңғыруы, ал Солтүстік Қазақстан табиғат пен көшпенді мәдениеттің тұтастығы ретінде кеңірек танылатын бірегей мекендер болады.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

– Үкімет қаулысына сәйкес, «Қазақ турист» акционерлік қоғамын құрдық. Бұл компания еліміздің туристік әлеуетін шет мемлекеттерде ілгерілетеді. Және инвесторлар тартумен айналысады. Ол үшін шетелдіктердің қызығушылығы зор. Келер жылы бұл мекеменің қаржылық жағдайы да тұрақталады.

Мәдениет орындарын ел мәйегіне айналдыру да маңызды міндет. Осы мақсатта сала жұмысы халықаралық талаптарға сәйкестендіріліп, маңызды жобалар басталды. Соның арқасында Астанадағы ұлттық музей мен облыстық музейлер ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ халыққа ақылы түрде қызмет көрсетіп, өздігінен пайда таба бастады.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

– Ұлттық музей мен 13 облыстық музейде көпэтносты Қазақстан жайлы арнайы залдар ашылды. Сол арқылы қазақстандықтардың патриоттық тәрбиесін қалыптастырып, оны одан әрі күшейтуге жол ашылды. 

Бұқаралық спорт саласы да қарқын алды. Бұл салаға тиесілі қазір 11 мың спорттық нысан жұмыс істейді. Ал тіл саясатын дамыту үшін 80 мыңнан аса орталық құрылды. Елді мекендерде қазақ және жергілікті этнос өкілдерінің ана тілдерін оқыту ісі жолға қойылған. Біртектілік және бірлік ұғымдары аясында тарихи-мәдени құндылықтарды дәріптейтін кинотуындылар да түсіріліп келеді. Биыл «Сұлтан Бейбарыс», «Қазақ елі 2», «Томирис» және «Алаштың 100 жылдығы» сынды 28 фильмнің өндірісі жалғасады. Әртүрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру қоғам дамуын жеделдетеді. Ол үшін үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру ісі біршама жеңілдеді. Арнайы заң жобасы әзірленіп, гранттарды бөлудің жаңа тәртібі енгізілді.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі:

– Гранттарды бөлу үдерісі өте қарапайым болады. Гранттардың бағыты кеңейеді. Қазір операторлардың қорлары біздің есебіміз бойынша толықтырылады. Ал болашақта жергілікті әкімдіктер мен басқа министрліктерден тартылады деген үміттеміз.

Биыл үкіметтік емес ұйымдарға берілетін қаржы үш есе ұлғайды. Әлеуметтік жобаларды жүзеге асыратын гранттарға 588 млн теңге бөлініп, келісімшарттарға қол қойылды. Жаңа талаптар арқылы үкіметтік емес ұйымдар берілген қаражаттың 10%-ын материалдық-техникалық базасын жақсартуға жұмсай алады.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі:

– ҮЕҰ жүзеге асырылып жатқан жоба ретінде біреуін айта кетейін. Биыл Қазақстанның барлық өңірлерінің тұрғындары арасында «Болашаққа қадам» жобасы басталды. Мұнда түрлі номинациялар бар. Конкурсқа еліміздің 12 өңірінен 80-нен астам өтінім түсті. Қорытындысы шілде айында жарияланатын болады.

Қазір елімізде үкіметтік емес ұйымдардың бірыңғай базасы жұмыс істейді. Оған 3 мыңдай қазақстандық және шетелдік мекеме тіркелген. Сол арқылы жүйе жұмысы бір ретке келтіріліп, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға көп көңіл бөліне бастады.

Айта кетейік, «Менің елім» ұлттық жобасы аясында ілкімді істерді ілгерілеткен үкіметтік емес ұйымдарға арнайы сыйақы беріледі. Сол секілді жастар саясатын дамыту үшін қала және ауылдық жерлерде уақытты тиімді әрі қызықты өткізуге арналған нысандар салынады. Сондай-ақ бос жұмыс орындары туралы мәлімет беретін түлектер тақтасы және өскелең ұрпақтың жалпыға ортақ жобалары әзірлене бастады. Ал жастар ұйымдарына биыл 3 грант бөлініп, 30 млн теңге берілді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ғани Алшынбаев