Дереккөз: www.24.kz

Қазір диқандар өзге елдерден әкелінген өсімдіктерді де жер сіңдіріп жатыр. Шығыс Қазақстандағы Зайсан ауданының шаруалары майлы дақыл өсіруді қолға алған. Қазір 20 мың гектар алқаптың 60 пайызына аталған өнім түрі егіліпті. Осы арқылы майлы дақылдың отандық үлесін арттыру көзделіп отыр.

Топырағы құнарлы Зайсан ауданында мақсары өсіріле бастады. Дәурен Айтмұхаметов негізгі отаны Эфиопия мен Ауғанстан саналатын майлы дақылдың 1,5 тоннасын Жамбыл облысынан сатып алған. Бұл тәжірибе агрономдар тарапынан да қолдау тауып отыр. Себебі өнімнің пайдасы орасан әрі қалдықсыз екен.

Дәурен Айтмұхаметов, кооператив жетекшісі:

– Мақсары деген өсімдікті 50 гектарға әкеліп, егіп отырмыз. Алдағы уақытта 200-180 гектарға көбейтсек деген ой да бар. Майдың сапасы жоғары, мөлдір болады. Гүлі де пайдалы.

Зайсандық шаруалар сояның да берекелі дақыл екенін айтады. Болатбек Мизамхан 13 жылдан бері жер шаруашылығымен айналысады. Иелігінде үш жүз гектар алқабы бар. Оның 200 гектарына соя егіпті. Енді сатқан өнімдері үшін мемлекеттен субсидия алмақ.

Болатбек Мизамхан, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Диқан үшін үш түрлі ерекшелігі бар. Жерін тыңайтып береді, малының шөбін тауып береді, қалтасындағы ақшасын тауып береді. Бұдан не зиян?

Биыл ауданда 21 мың гектар егіс алқабы игерілген. Тағы 7 мыңы резервте тұр. Ал жергілікті билік шаруалардың жер, су мәселелерін шешіп беруге мүдделі.

Темірбек Қасымжанов, Зайсан ауданының әкімі:

– Биыл 2 млрд. 200 млн. теңгеге «Үйдене» су қоймасын жөндеу жұмыстары егін аяғы біткенше басталады. Келесі жылдары осы егінді ары қарай да ұлғайтып, біздің ауданда суармалы егіннің 28 мың гектары бар, соны толығымен игеруге мүмкіншілігіміз болады.

Алдағы уақытта Зайсанда майлы дақылдарды өңдеу кластері құрылмақ. Бұл отандық өнімнің үлесін арттыруға мол мүмкіндік бермек. Ал шаруалар болса, тың технологияны меңгеріп, жерлестеріне жаңа жұмыс орындарын ұсынбақ.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Аслан Төлепов