Дереккөз: www.24.kz

Жер емген диқандар күзгі дала жұмыстарын қысқа мерзімде ысырапсыз аяқтауды жоспарлап отыр.

Сондықтан да ризығын жерден табатын шаруалар жиын-терімге ерте қамданды.Биыл өңірде орақ науқанына сегіз мың комбайн жұмылдырылатын болады.

Биыл Солтүстік Қазақстан облысында бидай бітік шықты. Өйткені ауа райы жайлы болғанын айта кету қажет. Яғни уақтылы жауған жауын-шашын мен аптап ыстық егіннің жақсы пісуіне сеп болды.

Жалпы биыл көктемде өңір диқандары 4 млн 222 мың гектар алқапқа ырыс дәнін сіңірген болатын. Оның 3 млн гектары астық болса, қалғаны майлы дақылдар. Алажаздай баптаған сары алтынды шашау шығармай жинап алу үшін тегеурінді техникалар дала басында жүйтки бастады. Гектар түсімі әзірге облыс бойынша орта есеппен алғанда 17 центнерден айналуда. Бұл – жақсы көрсеткіш. Алдын ала болжам бойынша шамамен 6 млн тоннаға жуық астық қамбаға құйылатын болады. Қазір аймақтағы барлық агроқұрылымдар аталған науқанға тас-түйін дайын. Оларды арзандатылған жанар-жағармаймен қамтамасыз ету үшін ел қазынасынан 10 млн 200 мың теңгеден астам қаржы бөлінді.

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

– Астық жақсы шықты. Оған менің әкім боп келгенім бар, табиғаттың да әсері, өңір өзгерді. Егін орағы ойдағыдай жүріп жатыр.

Сәтін салса, дала қосынындағы шаруалар енді екі ауысымда жүргізілетін болады. Себебі табиғат ана оң қабақ танытып тұрғанда, астықты ысырапсыз жинап алу қажет.

Солтүстіктің сары алтыны Ресей, Иран, Қытай сынды елдерге экспортталмақ. Ал алдағы уақытта аграрийлер майлы дақылдарды өсіруді мықтап қолға алмақшы. Ауыл шаруашылығы алқаптарын әртараптандыруға байланысты келер жылы 1 млн гектар алқапқа майлы дақылдар егілетін болады. Себебі өнімнің бұл түріне уақыт өткен сайын сұраныс артуда.

  Авторы: Самат Қайырденұлы