Дереккөз: www.24.kz

Ауыл шаруашылығы өнімдерін әртараптандыру – уақыт талабы.

Осыған байланысты, павлодарлық шаруалар бұрын-соңды өсірмеген дақыл түрлерін тәжірибе алқабында байқап көруді қолға алды.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

– Жасымық өсіретін шаруашылықтар саны облыста саусақпен санарлық. Соған қарамастан соңғы кездері диқандар тарапынан зор қызығушылық бар. Өйткені бұршақтұқымдас дақылға сұраныс жоғары екен.

Жасымық ору науқаны басталып та кетті. Өнім шығымдылығы жаман емес. Гектарына 14-15 центнерден келген. Шаруалар бұл дақылдың  экономикалық тиімділігін  жоғары бағалайды. Айтуларынша, жасымық алқаптарындағы ылғал бір жыл бойы құрғамайды. Бұған қоса топырақ құрамында азот пен фосфор ұзақ сақталады. Шаруа қожалығының жетекшісі Александр Поляков жасымық өсіруді  5 жыл бұрын қолға алыпты. Биыл егіс алқабын 3 мың гектарға көбейткен. Алған өнімін нарыққа шығармақ.

Александр Поляков, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Нарық бағамы қалай болатыны әзірге белгісіз. Кейде аз өнімнің  бағасы жақсы болады, көп болса өткізе алмай жатамыз. Қазақстан нарығында  жасымыққа сұраныс көп емес. Өйткені оны тағам ретінде күнделікті  қолдана бермейміз. Өнімді алыс шетелдерге экспорттаймыз деген үмітіміз  бар.

Ауыл шаруашылығы саласының мамандары аталған дақылды өсіруге Павлодар жері аса қолайлы дейді. Күннің көзі молынан түседі. Ылғал да жеткілікті. Ең бастысы технологиясын үйрену қажет. Айтуларынша,  жасымықтың тоннасы нарықта шамамен 500-800 АҚШ долларына бағаланады.

Бауыржан Қасенов, облыс әкімінің орынбасары:

– Фермерлер өнімді өткізу жөнінде дұрыс мәселе көтеріп отыр. Бұл – біздің өңір үшін жаңа дақыл. Бірақ біз оның экспорттық әлеуетін жақсы білеміз. Бұл – валютаға сатылатын өнім. Қазір аймақта 40 шақты шаруашылықтың басын қосқан ірі кооператив бар. Келер жылы олар жасымық өсіруді қолға алады. Бірігіп жұмыс жасайтын болса, өнімді өткізуде қиындық туындамайды.

Жасымықты  негізгі экспорттаушы ел – Канада. Сатып алушы мемлекеттер – Қытай, Иран, Пәкістан, Түркия. Агрөнеркәсіп кешенін әртараптандыру бойынша фермерлерге мемлекет тарапынан қолдау зор. Өткен 7 айдың көрсеткіші бойынша Павлодар облысының  шаруалары тұқым алу үшін шамамен 500 млн теңге субсидия алған. Биылғы егіс алқаптарының 92%-ына өнімділігі жоғары элиталық тұқымдар себіліпті.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий