Ерейментауда желден қуат өндіру жобасы жемісін берді

Дереккөз: www.24.kz

Ақмола облысының Ерейментау ауданындағы жел электр станциясы бүгінге дейін 500 млн кВт энергия өндірді.

2015 жылдың тамыз айында пайдалануға берілгелі дамылсыз жұмыс істеп тұрған жоба жергілікті тұрғындарды да тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Өнеркәсіптік үлгідегі алғашқы отандық жел электр станциясы 60 га аумақты алып жатыр. Ірі жоба ұлттық электр желісіне үлесін қосып келеді.

Мирлан Алтынбек, тілші:

– Ақмола облысының Ерейментау қаласындағы жел электр станциясы осындай 22 жел қондырғысынан тұрады. Әрбірінің қуаты 2 мегаваттан асады. Ал мұнараның биіктігі 85 метр болса, роторының диаметрі 93 метрді құрайды. Жалпы соңғы 3 жылдың ішінде 500 млн Квт/сағ электр энергиясын өндірді.

Жел паркі германиялық үлгіде жасалған. Шағын станцияны пайдалану кезінде 23 жұмыс орны ашылды, оның ішінде 12 адам Ерейментау қаласының тұрғындары.

Марлен Ізбасқанов, серіктестіктің бас директоры:

– Жылдық өнімділік 172 млн киловатты құрап отыр. Осы көрсеткіш 60 мың тонна көмір жаққанмен пара-пар. Осылайша біз ауаға СО2 қалдығының таралуын жылына 170 тоннаға қысқартып келеміз.

Бүгінде «Самұрық-Энерго» кәсіпорындары өндіретін электр энергиясының құрылымында баламалы энергия көздеріне жататын күн, жел және шағын су электр стансаларының үлесіне жалпы белгіленген қуаттың 1,5% тиесілі. Өткен жылы қазақстандық жасыл энергияның әрбір үшінші  киловатт-сағатын аталған компанияның еншілес кәсіпорындары өндірген.

Әнуар Әбітаев, «Самұрық-Энерго» АҚ бөлім басшысы:

– Компаниямыздың стратегиясына сәйкес, алдағы уақытта Ерейментау қаласында жалпы қуаты 50 МВт болатын жел электр станциясының құрылысы жоспарланып отыр. Бүгінде осы жобаға қызығушылық танытар инвесторлар іздестіріліп жатыр.

Осылайша компания 2028 жылға дейін «Жасыл экономика» қағидаттарына толық көшу үшін стратегиялық инвестормен бірлесе отырып, жаңартылатын энергия жобаларын іске асырмақшы.

Арман Қашқынбеков, «Халықаралық жасыл технологиялар орталығы» КЕАҚ төрағасының орынбасары:

– Жел қондырғыларының кемшілігі деп оның жоғары бағасын айтуға болады. Мәселен, осындай диірмендер елімізде өндірілмегендіктен, шет елдерден импорттауға тура келеді. Ал артықшылығына баламалы қуат көзіне жататын жел энергиясын дамылсыз қолданатынын жатқыза аламыз. Мысалы, күн батареялары бүгінгі бұлтты ауа райында энергия өндіре алмасы анық.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2013 жылғы 30 мамырдағы Жарлығына сәйкес 2020-2050 жылдар аралығында жел, күн, су және атом электр стансаларының үлесін кезең-кезеңмен 3 проценттен 50 процентке жеткізу көзделіп отыр. Энергетика министрлігінің дерегінше, Қазақстанда қазіргі уақытта белгіленген жалпы қуаты 336 МВт. баламалы энергия көздерін пайдаланатын 55 кәсіпорын жұмыс істейді. Желден қуат өндіру көлемі соңғы жартыжылдықта 651,1 млн кВт/с құрады.