БҚО-да қызғалдақтың қанша түрі өседі?

Дереккөз: www.24.kz

Қазақ жері қызғалдақтың «тарихи отаны» деген еді Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты тағылымдық мақаласында.

Күні бүгін елімізде қызғалдақтың 35 түрі болса, соның 18-і Қызыл кітапқа енгізілген. Осы бір өсімдіктің өзіндік ерекшеліктерін танытып, тұмса табиғатымызды қорғап-дәріптеу мақсатында Батыс Қазақстан облысының Қайыңды ауылында жыл сайын қызғалдақ фестивалі өткізіледі.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

– Осыдан 5 ғасыр бұрын Еуропа асып жат жұртты жерсінген қызғалдақтардың түп төркіні, негізгі отаны Еділ мен Жайықтың арасы деседі. Батыс Қазақстан облысының барлық аудандарында да қызғалдақ кездескенімен, дәл мына Қайыңды ауылындағыдай гүлді алқаптар өте сирек. Жалпы аумағы 400 гектар жерді алып жатқан бұл алқапта Геснер қызғалдағының 12 түрі бар.

Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі болса, Орал өңіріне соның 4-і тән. Ішінде Геснер қызғалдағының орны бөлек. Себебі бұл өсімдік селекцияға көнбіс, будандастыруға бейім келеді. Сондықтан да шығар, Геснер гүлі алғашқылардың бірі болып шетел асыпты.

Жанат Қажымұратова, БҚМУ аға оқытушысы, биолог:

– 15 ғасырда адамдар Еуропада тюльпонамия немесе қызғалдақ безгегі деген аурумен ауырған, басқаша айтқанда адамдардың бәрі шаруашылықтарын тоқтатып, осы қызғалдақ өсірумен айналысқан. Ол кезде пиязшықтар өте қымбат тұрған. Амстердамда үлкен үйдің әлі тұрғанын айтады. Ол тек қана қызғалдақтың үш пиязшығына сатып алған үй екен. Голландықтар жыл сайын өздерінің экономикасына 4 млрд ақша түсіреді екен.

Өзге елді өркендеткен осы бір өсімдіктің қадірін кеш те болса түсініп жатқанымыз қуантады. Өйткені қызғалдақтың өсіп-өніп, гүлдеуі үшін 5-7 жыл керек. Ал қауызында 200-дей тұқымы болады. «Бір қызғалдақты жұлып алу, осынша өсімдіктің тамырын қуартқанмен бірдей», – дейді мамандар. Сондықтан да шығар, жыл санап дала гүлдерінің саны сиреп, қатары кеміп барады.

Сабырғали Оразаев, Казталов ауданының тұрғыны:

– Біздің бала кезімізде қызғалдақ көп болды. Сосын ол кезде қызғалдақты ысырап қылып, ешкім терген жоқ. Барып қызықтап қайтушы едік. Теру кейінгі кезде шықты.

Бүгінде 18 қызғалдақ түрі елімізде қорғауға алынған. Биыл екінші рет ұйымдастырылған қызғалдақ фестивалінің мақсаты да – табиғат байлығын таныту, оны қорғау.

Абат Шыныбеков, Казталов ауданының әкімі:

– Осы табиғи ескерткішімізді, көркем жерімізді, халқымызға, елімізге паш ету және халықаралық туризмді дамыту мақсатында шара ұйымдастырылып отыр. Оған тек Батыс Қазақстан емес, көршілес Ресейдің Жаңаөзен, Алғай аудандарының өкілдері келіп қатысып, фестивальдің нақыштарын келтіруде.

Фестиваль аясында дала төсіне ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, түрлі қолөнер және зергерлік бұйымдардың көрмесі өтті. Гүлдер тақырыбындағы ән-жырлар шырқалды.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Р. Ғазезов