СҚО-дағы орманда еркек құрлар бір ай бойы өзара мықтыны анықтайды

Дереккөз: www.24.kz

Солтүстік Қазақстан облысында құрлардың төбелесі басталды. Бұл құстар көктемде бір ай бойы бір-бірін түтеп, өзара мықтыны анықтайды.

Қанаттылардың жекпе-жегін көру үшін арнамыздың түсірілім тобы орманда түнеп, керемет көріністің куәсі болды.

Түн. Түк көрінбейтін қараңғылық. Табиғат тым-тырыс. Таң ата құстар қаумалап, қатты шулай бастады. Бұл құрлардың айқасы.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

– Біз мұнда таң атпай келіп, осындай күркеде жасырынып отырмыз. Міне, 3 сағаттай болды құрлар ана жерде төбелесіп, ойран салып жатыр. Олардың жекпе-жегі өте тартысты.

«Айқас алаңына» 50 шақты құр қонып, еркектері өзара мықтыны анықтайды. Бәрі балалапанбасарға ұнау үшін тартысады. Өйткені олар жеңімпаздармен ғана жұптасады. Тіпті ағаш басында да тыныштық жоқ.

Бұл жылына тек бір рет қайталанатын құбылыс. Құрлар көктем сайын осы маңға ұшып келіп, көріністің көрігін қыздырады. Олардың төбелесін Александр Ремшов 10 жылдан бері үзбей көріп келеді.

Александр Ремшов, аңшылықтанушы:

– Орманның оянып, табиғаттың тірілуі керемет сәт. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Таңғы 4-те келіп, құстардың дауысын естудің өзі бір ғанибет. Іш-бауырың елжіреп кетеді.

Солтүстік Қазақстан облысын 270 құс түрі мекендейді. Өңірде оларды зерттейтін арнайы топ бар. Мамандар қанаттылардың көшіп қонуын қадағалап, санақ жүргізеді.

Иван Зубань, Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ биология кафедрасының аға оқытушысы:

– Солтүстік Қазақстан облысында бұған дейін кездеспеген ақжақты қарашақаз құсын таптық. Олар негізі Еуропа арқылы көшіп қонады. Бізге адасып келген ғой…

Қазақстанда 4 жылдан бері көктемде құс аулауға тыйым салынған. Бұл кезде олардың ұясы мен балапандарына өрт қана қауіп төндіреді. Табиғат жанашырлары: «енді осы уақытта шөп жағуға да шектеу қойылса» дейді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов