2060 жылға дейін көміртекті бейтараптық тұжырымдамасын әзірлеу аяқталу сатысында

2021 жылғы 16 қыркүйекте онлайн режимде ҚР және АҚШ төрағалығымен климат мәселелері бойынша “C5+1” форматындағы министрлердің кездесуі өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, АҚШ Президентінің климат мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Джон Керри, Қырғыз Республикасының Экология және климат жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Динара Кутманова, Тәжікстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау комитетінің төрағасы Баходур Шерализода, Түрікменстанның Ауылшаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау министрі Алланур Алтыев, Өзбекстан Республикасының Экология және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары Жүсіпбек Қазбеков қатысты.

Кездесу барысында тараптар Париж келісімі бойынша жаһандық температураның индустриялық деңгейден 2°C-тан төмен деңгейге көтерілуін шектеу және температураның 1,5°C-қа дейін көтерілуін шектеу бойынша күш-жігерді жалғастыру мақсатында климаттық амбициялардың жоспарланған өсуін талқылады.

Министр Серікқали Брекешев өз сөзінде бүгінгі күні Қазақстанда басқа халықаралық алаңдармен квоталар саудасы жүйесін қосу мақсатында парниктік газдар шығарындыларын реттеуді жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстан 2060 жылға дейінгі көміртекті бейтараптық тұжырымдамасын әзірлеу жөніндегі жұмысты аяқтауда.

«Алдын ала нәтижелер энергия тиімділігін арттыру, электрлендіру және ЖЭК үлесін 2020 жылғы 3% – бен салыстырғанда 2060 жылға қарай шамамен 82% – ға жеткізу қажеттілігін көрсетті. Көмір генерациясының үлесі қазіргі 69% деңгеймен салыстырғанда нөлге дейін азайтылуы тиіс. Қазақстан экономикасы энергия сыйымды екенін ескерсек, бұл біздің еліміз үшін өте күрделі, бірақ маңызды қадам», – деді Серікқали Брекешев.

Сондай-ақ, биылғы жылдың қазан айында энергетика және қоршаған орта жөніндегі жұмыс тобының алдағы отырысы барысында Қазақстан Орталық Азия елдерінің өкілдерімен Орталық Азия өңірлік хабының тұжырымдамасын таныстыруға және талқылауға ниетті. Министрдің айтуынша, хаб қызметі бірлескен жобаларды іске асыру, технологиялар трансферті және халықаралық қаржы институттарының қолдауы арқылы аймақтағы «жасыл» экономикалық өсуді қамтамасыз етуде Орталық Азия елдерінің күш-жігерін біріктіруге бағытталады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар С5+1 институционалдық нығайту және ортақ өзекті мәселелерді шешу үшін осы платформаны пайдалану бойынша күш салуға келісті және бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Дерек көз – gov.kz