Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресуртар министрлігі ресми сайтында https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo?lang=kk
Жұмыс сапары аясында Экология министрі «Севказэнерго» АҚ ЖЭО-2 энергетикалық кешенінің және басқа да өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Сондай-ақ, сапар барысында өңірдің экологиялық мәселелері мен оларды шешу жолдары талқыланған кеңес өтті. Солтүстік Қазақстан облысындағы экологиялық жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы ҚР ЭГТРМ экологиялық реттеу комитетінің төрағасы З.Жолдасов айтып берді.
Бүгінгі күні дәл осы «Севказэнерго» АҚ ластаушы заттардың жоғары концентрациясы бар барлық шығарындылардың 70%-ын құрайды. Сонымен қатар, бұл жылу энергиясын жалғыз жеткізуші. Петропавл ЖЭО-2 үшін эмиссияның белгіленген лимиті жылына 40 мың тоннаны құрайтынына қарамастан кәсіпорында жыл сайын 1 млн тоннадан астам күл-шлак қалдықтары шығарылады. Бұл ретте автожолдарды салу мен жөндеуде аршу және күл-шлак қалдықтарын пайдалану мәселесі шешілмеген. Бұл қалдықтарды орналастыруға және жаңа полигондар салу қажеттілігін болдырмауға мүмкіндік береді. Осы мәселе бойынша экология министрі Серікқали Брекешев бір апта ішінде күл-қоқыс қалдықтарын пайдалану бойынша іс-қимыл жоспарын ұсынуды тапсырды. Атап айтқанда, әкімдікке «Севказэнерго» АҚ-мен бірлесіп жолдар мен объектілер салу кезінде өнеркәсіптік қалдықтарды тарту мәселесін пысықтау жүктелді.
Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысы бойынша атмосфералық ауаны жоғары ластау көзі «Қызылжар су» ЖШС балансындағы «Биопруд» сарқынды су жинағышы болып табылады. Қазіргі уақытта кәсіпорын өз қаражаты есебінен хлорелланы сынамалы іске қосу бойынша жұмысты бастады, жоба 3 жылға есептелген. Биологиялық оңалту әдісі Қазақстанда алғаш рет қолданылады. Оң нәтиже болған жағдайда технологияны республика бойынша көбейтуге болады. Осы мәселе бойынша Серікқали Брекешев ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін қалалық КТҚ-ны реконструкциялау жөнінде шаралар қабылдау және мониторингтің автоматты жүйесін енгізуге тапсырма берді.
Айта кету керек, жыл сайын қалалық полигонда ҚТҚ тұтануы орын алады. Бұл ретте рұқсаттың қолданылу мерзімі 2024 жылы аяқталады. Осыған байланысты Министр полигонның жануын болдырмау, кейіннен рекультивациялау және жаңа полигон салу бойынша іс-шаралар әзірлеуді тапсырды.
Кеңес барысында облыста 456 қалдықтарды орналастыру объектісі бар екендігі, оның 16-сы ғана рұқсат беру құжаттамасына ие екендігі атап өтілді. Алайда, олар санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Сондықтан Министр нысандарды қалпына келтіруді, оңтайландыруды және заңдастыруды, сондай-ақ, «Қазақстан Ғарыш Сапарының» және т.б. деректеріне сәйкес рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін 100% жоюды қамтамасыз етуді тапсырды.
Ескеретін жайт, өңірде «СҚО-ның 2020-2025 жылдарға арналған экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі жол картасы» бекітілді. Ол атмосфераға ластаушы заттар эмиссиясын қысқартуды, жасыл белдеуді дамытуды, көгалдандыру мен абаттандыруды, қоршаған ортаның жай-күйіне мониторингті, қалдықтарды басқаруды, радиоактивті ластануды, жер қойнауын пайдалануды және т.б. көздейді. Кеңес қорытындысы бойынша Жол картасына облыстағы экологиялық ахуалды жақсарту бойынша қосымша іс-шараларды енгізу тапсырылды.