Рұқсат етілмеген полигондар санының төмендеуі байқалды

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресуртар министрлігі ресми сайтында. https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/719149?lang=kk

Соңғы үш жылда құқық қорғау органдарымен және әкімдіктермен бірлескен жұмыс нәтижесінде рұқсат етілмеген полигондар санының төмендеуі байқалды.

Мәселен, 2023 жылы 5533 полигон анықталды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда  38%-ға аз (2020 жылы-8884, 2021 жылы-7328, 2022 жылы-5683). Оның 86% немесе 4733 нысан жойылды.

Аумақтық экология департаменттері апта сайын қоқыс үінділерін анықтау және жоюды бақылау бойынша рейдтік іс-шаралар өткізеді.

2023 жылы қоқыс үйінділерін жою бойынша шаралар қолданбағаны үшін жалпы сомасы 17 млн. теңгеге жергілікті атқарушы органдардың 152 лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қазіргі уақытта әкімшілік жауапкершілікті күшейту мақсатында Министрлік “әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы” Қазақстан Республикасының Кодексіне өзгерістер енгізу мәселесі, атап айтқанда белгіленген орындардан тыс жерлерде қоқыс шығарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті 50 АЕК-тен (172,5 мың теңге) 200 АЕК-ке (690 мың теңге) дейін, қайта бұзғаны үшін 2 еселенген мөлшерге дейін көтеру (ӘҚБтК-нің 344-бабы) қарастырылуда.

ҚР Экологиялық кодексінің 368-бабына сәйкес Министрлік “Қазақстан Ғарыш Сапары” АҚ-мен бірлесіп tabigat.gov.kz платформасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде, оған ҚТҚ тасымалдаумен айналысатын барлық кәсіпкерлік субъектілері қосылатын болады. Соңғылары жоғарыда аталған жүйеге деректерді онлайн бере отырып, автокөлік қозғалысына мониторинг жасайтын датчиктерді орнатуға міндетті.

Қатты-тұрмыстық қалдықтармен көліктің қозғалысын қадағалау және әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату, қоқыс үйінділерінің пайда болу проблемасын шешуге, сондай-ақ қоқыс шығаратын ұйымдардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.