Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресуртарт министрлігі ресми сайтында https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1254494?lang=kk
Тіршілік иесінің киелі мекені – Алакөл өңірі ежелден табиғатының сұлулығымен, көл суының емдік қасиетімен ерекшеленіп, талайлардың көз жауын алып келген. Қанатты жиһанкездердің көптеген түрлерінің мекендейтін нағыз жұмағы, ақын-жазушылар ән-жырына арқау еткен, ата-бабамыздан мұра болып қалған осы бір тамаша жерді келешек ұрпақтарға қаз-қалпында аманат ету – қазіргі біздің міндетіміз.
Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы 1998 жылы Тентек өзенінің атырауының жануарларымен өсімдік әлемін және Алакөл көліндегі Аралтөбе аралдарындағы көне дәуір шағаласының ерекше популяциясын сақтау мақсатында құрылған.
Қорық аумағы 65 672 гектар жерді құрайды, оның ішінде 17 877 гектар Жетісу облысының Алакөл ауданында және 47 795 гектар Абай облысының Үржар және Мақаншы аудандарында жатыр.
Бұл өңір құстардың Орталық-Азия – Үнді миграциялық жолы болып табылғандықтан, Алакөл-Сасықкөл көлдер жүйесі 2009 жылы 25 қараша күні 1892 реттік санымен Рамсар конвенциясының тізіміне енгізілді, қазіргі таңда бұл жерлер әлемдік маңызы бар сулы-батпақты алқап болып табылады.
2013 жылы 29 мамырда Алакөл қорығы ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттар желісіне қосылды.
Алакөл қорығы Қазақстандағы сулы-батпақты құстардың негізгі ұя салатын, түлейтін және миграция кезінде тоқтайтын ең ірі орындарының бірі болып табылады. Мұндағы жануарлардың басым бөлігін құстар мен балықтар алып отыр.
Алакөл қорығының құстар фаунасы 330 түрімен берілген, оның ішінде 133 түрі қорық аумағында тұрақты ұя салады. 16 түрі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген. Көне дәуір шағаласы – Алакөлдің символы мен мақтанышы болып табылады.
Қорықта сүтқоректілердің 35 түрі мекендейді. Оның ішінде басым көпшілігі шөлді аймақтың кеміргіштері болып келген. Қорық аумағы үшін сүтқоректілерден маңыздысы ретінде қабан, түлкі, борсық, елік, қоян, ондатр және қасқыр жатады.
Балықтардың 18 түрі суайдындарды мекен етеді, оның ішінде 9 түрі аборигенді болып есептеледі, сонымен қатар Балқаш-Алакөл ойпатының эндемиктері болып саналатын балқаш алабұғасы мен балқаш қарабалығы кездеседі.
Алакөл ойпатында бауырымен жорғалаушылардың 24 түрі таралған, соның ішінде қорық аумағында 10 түрі кездеседі.
Қосмекенділердің 2 түрі қорықта кездеседі, оның ішінде даната құрбақасы Қазақстан Республикасының Қызыл Кітабына енгізілген.
Алакөл қорығы аумағындағы жәндіктердің 392 түрі белгілі.
Қазіргі таңда өсімдік жамылғысының 290 түрі өседі, оның ішінде жоғарғы топтағы 288 түрі тіркелген, төменгі топтағы өсімдіктер 2 түрмен берілген.
Табиғаттың бергені мен берері адамзат үшін теңдесі жоқ байлық. Сондықтан, барымызды бағалай білейік. Табиғатты қорғау парызымыз екенін ұмытпайық. Қайда жүрсек те, қандай іспен айналыссақ та туған жердің табиғатына жетер ештеңе жоқ.