Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресуртар министрлігі ресми сайтында. https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo?lang=kk
4 қыркүйек күні өрт болып жатқан Қостанай облысының Әулиекөл ауданында ҚР ЭГТРМ қарасты «Қазгидромет» РМК мен облыстық экология департаменті «Қазгидрометтің» зертханасы негізінде, ауаға жоспардан тыс бірлескен кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Аталмыш жұмыс 5 нүктеде атап айтар болсақ, Новонеженка, Аманқарағай, Әулиекөл, Бағаналы және Лесное ауылдарында ұйымдастырылды. Қысқаша түрде нақты айтар болсақ, 5 ауылда азот диоксиді мен көміртегі оксидінің және күкірт диоксидінің жоғарылау көрсеткіші тіркелді.
Ауа-райының ахуалы жауын-шашынсыз болды және солтүстік-шығыс бағытта соққан желдің жылдамдығы 3-4 метрден аспады. Көру мүмкіншілігі түтінге байланысты төмен болды.
Экология министрлігі тарапынан өрт сөндіруге 25 адам, 2 өрт сөндіру машинасы, 2 жеңіл көлік және 1 ұшақ жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта өрт сөндіру жұмыстары Лесное мен Бағаналы ауылдарының маңында жүріп жатыр. Келтірілген шығын көлемін тілсіз жау толық ауыздықталғаннан кейін арнайы құрылған комиссия анықтайды. Жалын шарпыған жер аумағы – 43 мың гектарды құрады.
Мемлекет басшысының 2 млрд ағаш отырғызу тапсырмасына сәйкес, Қостанай облысы бойынша алдағы 5 жылда 28,8 мың гектар жерге 168 млн түп ағаш отырғызылады. Биылғы жылдың жоспарланған 4,3 мың гектар жерге 24 млн түп ағаштың 14 млны көктемде егілді, қалғаны күз айларында аяқтау жоспарлануда.